Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы биыл сәуірде өтеді
Бүгін ҰСК құрамына ротация жасалып, кеңес құрамынан Э.Әзімова, А.Саин, Б.Палымбетов, А.Шораев, Б.Бұқарбай, А.Әміртаев шығарылды. Олардың орнына кеңес мүшелігіне Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, белгілі заңгер, Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Башимов, қоғам қайраткері, «Мазмұндама» ҚБ төрағасы Шыңғыс Мұқан, Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының бас директоры Арман Қашқынбеков және журналист Ләззат Қожахметова, заңгер Айнұр Сәбитова кірді.
Azattyq Rýhy тілшісі Сенім кеңесі құрамынан шығып қалған бірқатар экс-мүшелермен ротация жайлы сөйлесті. Сонда-ақ кеңестің «су жаңа» мүшесі Шыңғыс Мұқанның пікірін білді.
«Мазмұндама» ҚБ төрағасы, кеңес мүшелігіне енген Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында «Ұлттық кеңес мен үшін қазақ тілінің мазмұнын сәл де болса арттыратын құрал» деп жазды.
«Тілдің байлығы ондағы сөздің санымен емес, ақпараттың көлемімен өлшенетін заман. Осы тұрғыдан келсек, тіл - құрал. Егер тілде бар ақпарат адамның даму қажетін өтей алмаса, кез келген құрал сияқты тіл де тартымдылығынан айырылады.Гарвардта оқығанымда «Қазақстан дамыған елдерге қосыла ала ма?» деген тақырыпта тезис қорғап, көзім жеткен бір шындық: Мемлекеттің дамуы тілдің дамуынан басталады.
Тілдің мазмұнын арттырам деген талабым жай-жай жүзеге асып келе жатыр. Бастапқыда таңдаулы кітаптардың саммарилерінен бастап едік, қазір халықаралық 100 бестселлердің лицензиясын алып, аударып жатырмыз. Сонымен қатар, түрлі әлеуметтік дағдылар бойынша тренингтер өткізудеміз. Жалғасын тапқай.
Ерлан Қарин мырза ұсынып, Кеңеске бүгін мүше болдым. Ұлттық кеңес мен үшін қазақ тілінің мазмұнын сәл де болса арттыратын құрал. Ал мемлекеттік тіл, жоғарыда айтқанымдай, мемлекетті дамытатын бірден-бір құрал», - деп жазды Шыңғыс Мұқан.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі 2019 жылға 12 маусымда құрылып, оның алғашқы отырысы 2019 жылға 6 қыркүйекте өтті. Ұлттық кеңестің құрамына әртүрлі саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері, жетекші қазақстандық сарапшылар кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қоғам белсендісі, баспагер, бірнеше кітаптың авторы Бақытжан Бұқарбай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен шыққанын мәлімдеді.