$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.02.2020, 15:42
Саясат

«Nur Otan» халыққа пайда тигіземін деген кез келген тұрғынға мүмкіндік береді – Арман Қырықбаев

Партия көктемде праймериз өткізеді

«Nur Otan» халыққа пайда тигіземін деген кез келген тұрғынға мүмкіндік береді – Арман Қырықбаев

«Nur Otan» партиясының кез келген мүшесі депутат бола алады. Қызылорда облысы тұрғындарымен кездескен партия хатшысы Арман Қырықбаев көктемде өтетін праймериз жобасын түсіндірді. Сондай-ақ, аймақта қордаланған проблемалар жайын тыңдап, оларды шешуге партия күш салатынын жеткізді.

Партия хатшысы Арман Қырықбаевпен кездесуге жергілікті ардагерлер және қоғамдық кеңес мүшелері, түрлі сала көшбасылары, БАҚ өкілдері және блогерлер қатысты.

Айта кетейік, «Nur Otan» партиясының басшылары Қазақстанның өңірлерін аралап, шалғайдағы ауылдардың тыныс-тіршілігімен танысуда. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бұған дейін Атырау, Павлодар және Түркістан облыстарында болып қайтты.

«Мұндағы мақсат – халықпен етене араласу арқылы оларды мазалап отырған мәселелерді анықтап, партия бағдарламасында қамтып, шешімін табуға себепкер болу. Мәселен, жергілікті өкілді органдарды пропорционалды жүйемен сайлау бізде 2018 жылдың өзінде-ақ енгізілді. Бұл – партиялардың өңірлік деңгейдегі жауапкершілігін күшейтетуге бағытталған нақты қадам. Енді партиялар ауыл-аймақтардың, шалғай елдімекендердің мәселелеріне қарай түбегейлі бет бұрады. Мәслихаттардың сайлану ережесіне өзгерістің енгізілгеніне екі жылға таяғанын ескерсек, жергілікті мәселені шешпек түгілі кейбір аудан, қалада өз филиалын ашуды қажет деп таппайтын, алыстан орағатып, сынаумен шектелетін басқа партияларға да өңірлік жұмысын пысықтап алу үшін таптырмас мүмкіндік берілді. Ал, «Nur Otan» өңірлерге қарай бетбұрыс жасайтын бұл өзгеріске тастүйін дайын. Біз ниеті адал, мұраты түзу белсенді барлық азаматты осы жұмыстарға атсалысуға шақырамыз», - деді А.Қырықбаев кездесу барысында.

Партия хатшысы биыл көктемде «Nur Otan» ішінде праймериз өтетінін де айтты. Яғни, ішкі сайлау арқылы партия өз көшбасшыларын анықтап, алдағы Парламент сайлауына ұсынады. Праймеризге партияның кез келген мүшесі қатыса алады.

«Nur Otan» халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, халықпен жұмыс істеудің жаңа тәсілдерін енгізуде. Соның бірі – ішкі партиялық сайлау, яғни праймериз. Бұл жаңалыққа көптеген саясаттанушы-сарапшы қызығушылық танытып отыр. Бірақ қарапайым адам үшін праймериз деген не? Партия өз қатарындағылар мен жақтастары арасында алдағы сайлауға үміткерлерді іріктеу үшін алдын ала ішкі таңдау өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, сайлау алдындағы ішкі сайлау. Бұйыртса, көктемде кәдімгідей дода, дебат, үгіт-насихат жұмысы болады. Суырылып шыққан ең мықты, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, үлкен сайлауға қатысады», – деді партия хатшысы.

Праймериз – әлемде кең тараған саяси тәсіл. Дамыған елдерде саяси партиялар осылай алдын ала ішкі сайлау өткізіп алады. Ол бір жағынан партияның өз ішіндегі мықтыларын іріктеуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан партиямен мұраттас, елдің сөзін сөйлейтін басқа да азаматтарды қатарға тартудың құралы.

«Праймериз арқылы партияның кез келген мүшесі және партия қатарында болмаса да, елдік мүдде жолында онымен мұраттас барлық азамат арнайы өтініш беріп, іріктеуге қатысуға, жеңсе тізімге енуге мүмкіндік алады. Қатысу тәртібінің жобасы қазір өңірдегі филиалдармен бірлесе пысықталуда. Ресми бекітілген соң жарияланады. Бағымды сынаймын дегендерге жол ашық. Бұл – елге қалай пайда қылсам деп жүргендерге жақсы мүмкіндік. Мұндай мүмкіндікті ұсына алатын бірден-бір партия – ол «Nur Otan». Сын айтылуы керек. Дегенмен, сынды айтып қана қоймай, осы мүмкіндікті пайдаланып, елге қызмет етейік», – деді ол.

Партия хатшысына проблемасын жеткізген тұрғындар да аз болған жоқ. Мәселен, «Невада-Семей» республикалық қозғалысының Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәбит Әбіш қазір талқыланып жатқан ардагерлер туралы заң жобасында Ұлы Отан соғысы, тыл және ауған соғысы ардагерлерінің мәселесі ғана қаралып жатқанын айтып, аталған заңда елімізде болған түрлі апаттарда зардап шеккен ардагерлердің де статусы айқындалуы керектігін айтты.

Облыстық жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің мүшесі Серік Теңізбаев көлік құралдарына заңсыз салық салу мәселесін айтса, «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің директоры Мұрат Жұмаділдаев «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының өңірде орындалуы төмен деңгейде екендігіне шағымданды.

Ал, облыстық кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Болат Нұрходжаев ауылдық жерлердегі кәсіп ашу туралы заңның ірі қалалардағы сауда үйін ашумен бірдей екенін айтты.

Кездесуде көтерілген әрбір проблема және олардың шешілу барысы партия бақылауына алынады.

Нұрсұлтан Мықтыбай, Қызылорда

Серіктес жаңалықтары