Бүгіннен бастап Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды

Әсел Оршыбекова

Сайлау жаңа жүйе бойынша өтеді

Бүгіннен бастап Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды
Фото ашық дереккөзден

Бүгіннен бастап Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау науқаны басталды. Ол Президенттің 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ұсынған сайлау науқандарының кестесіне сәйкес бастау алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысы өтті.

2022 жылғы  5 қарашада ҚР Сайлау туралы конституциялық туралы заңға түзетулердің үлкен блогы енгізіліп, ҚР кейбір конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы конституциялық заң жобасы қабылданды. Бұл түзетулердің басым бөлігі қазірдің өзінде қолданыста бар.

«Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлауға, сондай-ақ, аралас сайлау жүйесіне қатысты нормалар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Соған сәйкес, ҚР Парламентінің Мәжілісіне 98 депутаттың 30 пайызы немесе 29 депутат мажоритарлық жүйе бойынша, ал 69 депутат, яғни 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша сайланады.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттарына депутаттардың 50 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша, ал қалған 50 пайыз партиялық тізім бойынша сайланады. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарында сайлау толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өтеді, яғни саяси партиялар емес, нақты жеке тұлғалар сайлауға түседі», - деді Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.