Бауыржан Байбек түркістандық зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Кездесу барысында әл-Фараби және Абай мерейтойларын тағлымды деңгейде өткізу жайы қозғалды.

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапары барысында жергілікті ақсақалдармен, зиялы қауыммен, жастар және қоғам белсенділерімен кездесіп, аймақты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кездесу кезінде халықты толғандырған түрлі түйткілді мәселелермен қатар, тұрғындардың мәдени-әлеуметтік жағдайы, идеология, руханият саласы да кеңінен талқыланды.
«Руханиятсыз ел болмайды. Мәдениет, дәстүр, тіл, өнер секілді рухани құндылықтар –ел дамуының және партиямыздың басты басымдықтары. Саяси ұйымымыз асыл өнеріміз – айтысты, жыр-термелерді, ұлттық спортты қолдап келеді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да осыған бағытталған. Қазақ үшін қасиетті Отырар – Түркістан өңірінің зиялыларымен кездесуде осы мәселелер әңгіме арқауына айналды», – деп атап өтті Бауыржан Байбек өзінің Facebook парақшасында.
Сонымен қатар, кездесу барысында әл-Фараби, Абай сынды ұлы ойшылдарымыздың мерейтойларын ұрпақ тағлым алатындай деңгейде өткізу жайы да қозғалды.
«Кемеңгер Абай көздеген мұратқа ұмтылу, сілтеген жолын ұстану, сынаған кемшіліктерден арылу – баршамызға ортақ парыз», – деді Бауыржан Байбек.
Кездесуде өңірдегі мектептердің жетіспеушілігі, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, суицид секілді жұртшылықты толғандырған түйткілді жәйттер де сөз болып, олардың алдын алу шаралары талқыланды. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия доктринасында да жастар мен ұрпақ тәрбиесіне ерекше маңыз берілгені туралы айтты.
«Оңтүстік өңір халқымен кездесу кезінде электр желілерінің тозуы, ауылдарды газдандыру және орталықтандырылған сумен жабдықтау сияқты бірқатар мәселелер де көтерілді. Өңірлерді дамытудың 5 жылдық бағдарламасы аясында әрбір түйінді мәселе бойынша жүйелі шешім ұсынамыз», – деді Бауыржан Байбек.