$ 526.81  542.72  5.16
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.10.2019, 18:11
Саясат

Тоқаев шектен тыс «креатив» шенеуніктерді сынға алды

Бүгін Президент Қасым - Жомарт Тоқаевтың қатысуымен  Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі кеңес өтті. 

Жиын басталмас бұрын мемлекет басшысы тым «креатив» шенеуніктерді сынға алды.

«Бүгінгі жиындағы біздің отырысымыз өте қызық. Біз мында отырмыз, ал жиынға шақырылғандар, мәслихат депутаттары бір-біріне қарап отыр. Бұл не креатив өзі? Жиындарда қорнақтарды отырғызудың классикалық үлгісі бар емес пе. Мында аудитория, ал мында кішігірім президиум дегендей. Расымен орынсыз креатив. Адамдар бір-біріне қарап отыр, өте ыңғайсыз», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Тоқаев бас қаланың «Сарыарқа» газ құбырына әлі  қосылмағанына таңданысын білдірді. Тіпті қыста түтіннен көз ашпайтын шаһар үшін елшілерден ұялатынын айтты. Кеңесте үлескерлер дауы  тағы көтерілді. Нұр-Сұлтанда 13 жарым мың адам ақша төлеп қойған үйлеріне кіре алмай жүр.  Бұл мәселені шешу үшін  2018-2019 жылдарға 40 млд теңге бөлінген. Бірақ, игерілгені 4,5 млд теңге. Оның үстіне әкімдік қосымша 170 млд сұрап отыр. Тоқаев жұртты алдап соққандарды "алаяқтар" деп атады.  Президентті елордадағы ұн мен еттің қымбатшылығы да алаңдатып отыр

«Нұр-Сұлтан қаласында азық-түлік және күнделікті өмірге қажетті тауарлардың бағасы қымбат екенін айту керек. мысалы, ұн бағасы елдегі орташа бағадан 18,2 пайызға, сүзбе 17 пайызға,пияз 14,5 пайызға, күнбағыс майы 9,6 пайызға,сиыр еті 6,7 пайызға жоғары. бұл қалада тиісті азық-түлік белдеуі орнықпаған деген сөз. сауда орындары тапшы. ұйымдастырушылар тек бір ғана саудагерге мүмкіндік береді. яғни, бәріне бірдей жағдай жасалмайды»,-деді ол.

Президент тас-талқаны шыққан жолдар мен қараңғы көшелер туралы біледі.

«Мичурина, Интернациональды, Күйгенжар тұрғын-үй алаптарында сумен қамтамасыз ету, кәріз желілері әлі күнге дейін орталық жүйеге қосылмаған. Бұған жергілікті тұрғындар наразылық білдіруде. Қала шетіндегі жолдардың 36 пайызы нашар. Асфальт төселмеген. Сондықтан күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Көшелердің 20 пайыздан астамында жарық жоқ. Бұндай келеңсіздік қылмыстың артуына әкеледі»,- деді Тоқаев.

Ербол Ертөре, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары