$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.09.2022, 15:46
Саясат

Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды

ҚР Премьер-Министрі БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары – Президент Әкімшілігінің министрімен кездесті

Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды

Әлихан Смайыловтың сапары аясында Қазақстан мен БАӘ арасында бірқатар келісімдерге қол қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары – Президент Әкімшілігінің министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесу өткізді.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен БАӘ арасында сындарлы саяси диалог орнатылғанын және екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне қол жеткізілгенін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, оған ең жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстар ықпал етіп отыр.

«Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның өңірдегі негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Әмірліктер біздің елмен тауар айналымы бойынша араб елдері арасында көш бастап тұр», — деді Премьер-Министр. 

Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы $709 млн болды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 50%-ға жуық артты.

«Бұл – жақсы нәтиже, алайда біз өзара сауда номенклатурасын одан әрі кеңейту бойынша бірлесіп күш-жігер жұмсай аламыз», — деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы соңғы жылдары БАӘ-ден Қазақстанға инвестициялардың жүйелі түрде өсіп келе жатқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 43%-ға өсіп, $250 млн-ға жетті. Бұл тренд биыл да сақталып отыр.

«Біз тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, мұнай химиясы, энергетика, геология сияқты салаларда инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және тереңдету үшін айтарлықтай әлеуетті байқап отырмыз. Аталған салалар біздің стратегиялық мақсаттарымызға сай келеді», — деді Әлихан Смайылов. 

Осыған байланысты шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянға жалпы сомасы $6,5 млрд-тан асатын перспективалық инвестициялық жобалардың тізімі қарауға берілді. Бұл ретте өнеркәсіптегі, энергетикадағы, банк секторындағы және ауыл шаруашылығындағы, оның ішінде бірлескен венчурлік қор құру, қант зауытын салу және кальций қосылған сода өндірісін іске қосу бойынша ең ірі бес жобаға баса назар аударылды.

«Қазақстан Үкіметі БАӘ-мен барлық бағыттар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және нығайтуға ниетті», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов. 

Кездесу қорытындысы бойынша экология, сауда, мәдениет және білім беру салаларында бірқатар екіжақты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

Өз кезегінде шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян бұл сапардың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін маңызы ерекше екенін атап көрсетті.

Ол Қазақстанның БАӘ-нің Орталық Азия өңіріндегі жетекші әріптестерінің бірі екенін айтты. Сондай-ақ банк саласы мен ауыл шаруашылығында, оның ішінде қант және сүт өнімдерін өндіру бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екенін білдірді.

Шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян Қазақстан Үкіметі басшысының осы сапары екі ел арасындағы қатынастарды жоғары деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары