Қоғамдық тәртіпті орнықтыру барысында полиция қызметкерлері де жарақат алды
Бүгін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданы Масаншы ауылындағы төбелес салдары туралы айтты.
«Төбелеске қатысқандар полицияға күшпен қарсылық танытты. Олардың заңды талаптарына бағынбай қойды.
Бұзақылар металл заттарын, тастарды, қару қолданды. Төбелес Ауқатты, Бұлан батыр ауылдарын да қамтыды. Қоғамдық тәртіпті орнықтыру барысында полиция қызметкерлері де жарақат алды. Екеуіне оқ тиді. Алдын-ала мәліметтер бойынша, бұзақылар қойған өрттен 30-дан аса үйге, 15 сауда үйі, 23 автомобильге зақым келді», - деді ол.
Министр сонымен бірге, бөбелеске қатысқан 47 адам қамауда отырғанын айтты. Оқиға бойынша адам өлтіру, бұзақылық баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Еді-мекендерді бойлай бақылау-өткізу пункттері орнатылып, жедел тергеу тобы құрылды. Оқиға орнына Ішкі істер министрінің және Бас прокуратурдың орынбасары аттанды. Қақтығыс жойылды»,- деді Ерлан Тұрғымбаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев үйлері мен басқа да дүниелеріне зақым келген тұрғындарға шығынды кім өтеп беретінін Бердібек Сапарбаев басқаратын комиссия шешетінін айтты. Төбелестің нақты себебін де аталған комиссия анықтайды.
Айта кетсек, 7 ақпан күні Жамбыл облысы Қордай ауданы Масанчи ауылында тұрғындар арасында жаппай төбелес болған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қордайдағы оқиғаның бұзақылық екенін, оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болғанын айтты.
8 ақпан күні ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев оқиға салдарынан 8 адам қаза тауып, 40-тан астам адам зардап шеккенін, қазіргі таңда оқиғаға қатысы бар 47 адамның ұсталғанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, жаппай төбелес барысында қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан