Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесті
Ресей Президентінің айтуынша, екі ел арасындағы диалог өте жемісті жүріп жатыр
Қазақстан Президентін құрметпен қарсы алған Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуына Ресей тарапы үлкен мән беріп отырғанын айтты, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Біздің шақыртуымызды қабыл алып, «Валдай» пікірталас клубының жұмысына қатысуға келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Бізді ұзақ жылдар дипломатиялық қызметте істеген Сіз секілді адамның пікірі қатты қызықтырады. Сіз бұл салада кәсіби мамансыз. Бүгінгі халықаралық аренадағы жағдайға, әсіресе, қауіпсіздік саласына байланысты Сіздің пікіріңіз біз үшін өте пайдалы әрі қызық, – деді Ресей президенті.
Владимир Путин ЕАЭО аясындағы бірлескен жұмыстардың белсенділігін атап өтті. Ол ұйымды дамыту жөніндегі бірлесіп шешім қабылдауда өзара сенімнің жоғары деңгейге көтерілгенін айтты.
Ресей президентінің айтуынша, екі ел арасындағы диалог та өте жемісті жүріп жатыр.
Біздің күн тәртібіміздегі кез-келген екі жақты мәселелерді талқылауға мүмкіндігіміз бар. Барлық сала бойынша табысты даму байқалады. Тауар айналымы да көңілге қонымды. Әртүрлі бағытта бірлескен жобаларымыз іске асуда, оның ішінде, дәстүрлі және жоғары технологиялар бойынша ынтымақтаса әрекет етудеміз. Біз үнемі заман ағымының тамырын дөп басып, әр саладағы әріптестерімізге министрлік деңгейінде қолдау көрсетіп келеміз. Бұл жұмыс жалғаса береді, – деді Владимир Путин.
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинге Сочиге шақырғаны үшін алғыс айтты. Оның ойынша, «Валдай» пікірталас клубы өте қызықты әрі тартысты форум.
Қазақстан Президенті ресейлік әріптесіне Жеңістің 75 жылдық мерейтойына қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой күндері Мәскеуге баруға ниетті екенін жеткізді.
Мен майдангердің ұлымын. Жақында Иванов облысында Ұлы Отан соғысы кезінде қаза тапқан 73 қазақстандық майдангердің қабірі табылды. Біз, қазақстандықтар, Ұлы жеңіс жолында жанын қиған жауынгерлердің ерлігін әрдайым есте сақтаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Қазақстан мен Ресей арасындағы әріптестіктің жоғары деңгейі мен дәрежесінің сақталғанын атап өтті.
Мұнан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыртуымен жыл сайын өтетін «Валдай» халықаралық пікірталас клубының XVI пленарлық сессиясына қатысты.
Әлемнің ондаған елінен келген беделді саясаткерлер мен белгілі сарапшылардың, қоғам қайраткерлерінің басын қосқан биылғы форум ғаламдық геосаясаттағы Шығыстың рөлі тақырыбына арналды.
Мемлекет басшысы шараға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихи және географиялық орналасу жағынан Шығыспен де, Батыспен де байланыс орнатқанын атап өтті.
Баяндама барысында ғаламдық және аймақтық дамудың оң тенденцияларымен қатар, сын-қатерлері де айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі, Кашмир, Ауғанстан, Йемен, Сирия, Палестина-Израиль қақтығыс аймағы, Иран мәселесі секілді көптеген аймақтағы қақтығыс ошақтары геосаясаттағы «баяу жарылатын минаға» айналғанын айтты.
Қазақстан Президенті аймақтағы негізгі елдердің арасындағы бір-біріне деген сенім тапшылығы, «қырғи-қабақ соғыс» элементтерінің қайта бас көтеруі, қақтығыстар, санкциялар мен сенімсіздіктерге жетелейтінін атады.
Азиядағы қауіпсіздікті бөлшектеуге қатысты тиімді формулалар іздеу қажет. Бүгінде әртүрлі екіжақты альянстар, аймақтық және субаймақтық институттар «саясат көрпесін» өздеріне тартуда. Қытай халқы айтпақшы, Азияда «бір көрпенің астында жатып, әртүрлі түс көреді»,– деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2020-2022 жылдары Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалық ету барысында өзге де көпжақты институттармен байланысты күшейтуді жоспарлап отырғанын мәлім етті.
Қазақстан басшысының айтуынша, климаттың өзгеруі де күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала бермек.
Мемлекет басшысы қақтығыстардың алдын алу мақсатында өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен жүйелі және бірлескен жұмыс жүргізуді дұрыс деп санайтынын айтты.
Сонымен қатар, Қазақстан ЕАЭО аясында конструктивті жұмысты жалғастыра бермек.
Еліміздің бітімгершілік мәселесіндегі ұстанымын айта келе, Президент Қазақстанның аймақтық қақтығыстарды реттеуде әділ арағайындықты жақтайтынын айтты. Мемлекет басшысы Таяу Шығыс үшін, оның ішінде, Сирия бойынша Астана процесінде өміршең шешімдер іздестіруге дайын әрі қолдауға әзір екенін мәлімдеді. Қазақстан соңғы айларда шиеленісіп кеткен Ауғанстандағы жағдайды бақылауда ұстайды және көмектесуді жалғастыра береді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әрқашан қарусыздану мен сындарлы дипломатияны жақтайтынын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Батыстың өзара іс-қимылынсыз Шығыста тиімді қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру мүмкін емес деп санайды. Осы орайда, ол Қазақстанның АӨСШК мен ЕҚЫҰ ұйымдарының мүмкіндіктерін біріктіру туралы ұсынысын еске салды.
– Біздің аймақтағы ортақ жұмысымыздың негізгі бағыты терроризм және экстремизммен, ұйымдасқан қылмыспен, заңсыз миграциямен, есірткі тасымалымен күрес болуы ықтимал. Ал адами капиталды дамыту, мемлекеттік басқарудың үздік үлгілерін енгізу, инновациялық мүмкіндіктерді жетілдіру, су ресурстарын тиімді әрі теңдей пайдалану – біздің жасампаздық жолындағы дамуымыздың басты бағдары болуы тиіс,– деді Мемлекет басшысы.
Пленарлық сессия барысында Ресей Президенті Владимир Путин, Иордания Королі ІІ Абдалла, Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев, Филиппин Президенті Родриго Дутерте сөз сөйледі.