Тоқаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды
Жоспарда БАӘ компаниялары басшыларымен кездесу бар
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келді, деп хабарлайды ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли.
«Бүгін Қазақстан Президенті Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездеседі. Кездесуде екіжақты ынтымақтастық мәселесі кең ауқымда талқыланады. Сапар барысында БАӘ іскерлік топтарының өкілдерімен дөңгелек үстел өткізу жоспарланған», - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қаңтарда Дубайда Біріккен Араб Әмірліктерінің вице-президенті, премьер-министрі, Дубай билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездеседі, сондай-ақ, Дубай халықаралық қаржы орталығына (DIFC) барады. Сонымен қатар Біріккен Араб Әмірліктері компанияларының басшыларымен кездесу өткізеді.