Елбасы Әсет Исекешевті қабылдады
Ә.Исекешев елдегі қазіргі жағдай туралы баяндап, 2020 жылға арналған жұмыс жоспары туралы ақпарат ұсынды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады. Бұл туралы elbasy.kz сайты хабарлады.
Кездесу барысында Елбасы Қауіпсіздік кеңесі еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуде бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыруды үйлестіруде маңызды рөл атқаратынын атап өткен.
«Қауіпсіздік кеңесі елдің ішінде де, одан тысқары да қауіпсіздік мәселелерін талдайтын және қарауға ұсынатын өте маңызды мемлекеттік орган. Оның құзырына құқық қорғау органдарының жұмысы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шет елдермен қарым-қатынас және елдің қорғаныс қабілеті сияқты мәселелер кіреді. Сонымен бірге, құқық қорғау жүйесінің реформасына көңіл бөліп, соңына дейін жеткізу маңызды», - деген Елбасы.