Дариға Назарбаева Сенат отырысын маңызды мəлімдемемен бастады
Сенат төрағасы депутаттарға сауалдарының орындалуын қадағалауды тапсырды

«Бүгін 2020 жылғы Сенаттың алғашқы жалпы отырысын бастаймыз. Жыл басында депутаттар өңірлерде сапарларда болып, олардың (өңірлердің -авт) жағдайын, заңдардың, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу деңгейін көріп, жергілікті өкілді органдардың қызметімен танысты. Еліміздің түпкір-түпкірінде қазақстандықтарды алаңдатып отырған жергілікті жерлердегі шешімі табылмаған мәселелерді көзбе-көз көріп, шешімін табуды қажет ететін сұрақтарды тыңдап қайтты. Енді оларды шешу жолдарын қарастыру қажет», - деген Сенат төрағасы «бұл мәселелердің көпшілігі депутаттық сауалдар мен сұрақтарға негіз болатынын» айтты.
Сондықтан, Дариға Назарбаева депутаттарға мəселелерді «үкіметке депутаттық сауал ретінде жеткізіп қана қоймай, орындалуын қадағалау керек, бұл үшін депутатқа берілген мүмкіндіктерді толығымен пайдаланыңыздар» деген тапсырма берді. Дариға Назарбаева хабарлағандай, биыл Сенат, 80-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Төраға баянламасында атап өткендей, Сенат заң қабылдауға қатысты бірқатар негізгі мәселерді жүзеге асыруы қажет.
«Атап айтқанда, құқық қорғау органдарының немесе арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің арандатушылық әрекеттері үшін жауапкершілікті күшейту арқылы азаматтардың құқықтарын қорғаудың кепілдіктерін арттыру қажет. Сондай-ақ, шынайы дәлелдердің жеткілікті жиынтығымен расталмаған мәліметтермен қылмыстық жауаптылыққа тартуға, тек куәлік ету негізінде жауапкершілікке тарту мен соттауға тыйым салу; - әкімшілік юстицияны енгізу, заңнамадағы барлық түсініксіз қарама-қайшылықтарды азаматтар мен бизнестің пайдасына түсіндіруді қамтамасыз ету керек»,-деді Дариға Назарбаева.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан