Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді
Жолдауда негізінен саяси реформалар айтылған болатын
Отырысқа Премьер-Министр, Парламент Мәжілісінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Президент Әкімшілігінің Басшысы және оның орынбасарлары, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қатысты.
Мемлекет басшысы жиынға қатысушылардың ұсыныстарын тыңдап, биылғы Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын тиімді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Президент Жолдауын іске асыру мақсатында төмендегі Қаулы қабылданды:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Жалпыұлттық жоспар) бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Жалпыұлттық жоспар іс-шараларының мүлтіксіз және уақтылы орындалуын, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауының ережелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүйелi негiзде жүргiзудi қамтамасыз етсiн;
2) есепті жылдан кейінгі жылдың 25 қаңтарына дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Жалпыұлттық жоспардың орындалу барысы туралы ақпарат ұсынсын.
3. Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, басқа да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Жалпыұлттық жоспар іс-шараларының мүлтіксіз және уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.