Тоқаев «Қаңтар оқиғасына» қатысты тергеудің қорытындыларын наурызда мәлімдейтін болды
Бұған дейін халық ішінде полиция тарапынан азаптаулар болып жатқаны айтылған еді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айына жоспарланған Жолдауында Қаңтар оқиғаларына қатысты тергеудің қорытындыларын жариялайды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді.
Оның айтуынша, Тоқаев халықтан ештеңені жасырып қалмайды. Барлық ақпарат жария етіледі. Қазір тиісті органдар ауқымды тергеу жұмыстарын жүргізуде.
«Президент сұхбат барысында атап өткендей, қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігі. Дәл осы құқықтық принцип негізінде қаңтар оқиғасы барысында ұсталған азаматтардың жауапкершілік мәселесі шешіледі. Олардың басым көпшілігінің жазасы жеңілдетілгені мәлім. Жүздеген адам тергеу изоляторынан босатылды. Қамаудағы азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты да тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар ауыр қылмыс (кісі өлтіру, тонау, қарақшылық және т.б.) жасағандар заңға сәйкес жазаға тартылады», - деп жазды Б.Уәли өзінің Facebook-парақшасында.
Президент наурыз айының ортасында жасайтын Жолдауында саяси реформалар бойынша өз бағдарламасын ұсынатын болады.