Отандық ғалым қазақ атауы кездесетін ортағасырлық 130-дан астам картаны бір кітапқа біріктірді

Кәмшат Тасболат

Қазақ мемлекеттілігінің үзіліссіз тарихы – Еуропа және АҚШ карталарында

Отандық ғалым қазақ атауы кездесетін ортағасырлық 130-дан астам картаны бір кітапқа біріктірді

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров
филология ғылымдарының кандидаты, саясаттану ғылымдарының докторы,
«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» мемлекеттік наградасының лауреаты,
бас ғылыми қызметкер,
Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің
Заманауи зерттеулер институтының директоры

Тәуелсіздік күні қарсаңында Брюссельде ғалым, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Тарих толқынындағы Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі. XV-XIX ғасырлардағы еуропалық және американдық карталардағы Қазақ мемлекеті» атты бірегей кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Ғалым бұл еңбекке 15 жылын арнаған. Автордың айтуынша, 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған сәттен бастап мемлекет атауы Бельгия, Нидерланд, Англия, Ирландия, Франция, Италия, Германия, Австрия, Шотландия мен АҚШ-тың озық картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарында тұрақты түрде қатысып отырған. Бір қуантарлығы, ҚР-ның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшілігінің қолдауымен шыққан кітап бұл елдің Корольдік кітапханасының тізіміне енген. Бірегей еңбектің авторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Azattyq Ruhy тілшісіне эксклюзивті сұхбат берді.   

 - Мұхит-Ардагер мырза, сіз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына шынымен үлкен сый жасап, XV-XIX ғғ. тиісілі, Қазақ мемлекеттілігінің терең тарихын сипаттайтын 130-дан астам еуропалық және америкалық карта енгізілген кітапты шығардыңыз. Жалпы, бұл идея сізге қалай келді?

- Негізі, мұндай сипаттағы кітап Қазақстан түгілі, Орталық Азия, тіпті, Еуразия құрлығында бұрын-соңды шықпаған. Тарихымызда бірінші рет Қазақстан мемлекеттілігі анық көрсетілген, орта ғасырлардан бастап, дәлірек айтсақ, 1562 жылдан бастап, 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған атлас шықты. Бұл он немесе елу карта емес, 130 карта. Жалпы, менің қорымда мұндай карталар саны – 200. Кітап көлемі онсыз да үлкен, 600 бетке таяды. Сондықтан оған 130 картаны енгізуді жөн көрдім.  

Шыны керек, әсіресе Қазақстан территориясы анық белгіленген, «Kazak», «Qazaqі», «Казак», «Mamlakati Qazaq» сияқты автоэтноним, автополитоним мен автократонимі бар карталарды арнайы іздедім. Ақыры оларды таптым. Дәл осындай бірінші карта 1562 жылы шыққан және онда латын әліпбиінде «Cassakia» деген сөз анық жазылған. Бұл Польшаның Вроцлав қаласынан табылған тарихи жәдігер. Бұл картаның тарихы да қызық. Көне карта бір үйдің шатырында елеусіз жатқан. Сол үйдің баласы оны өзінің география және тарих пәнінің мұғаліміне алып барған. Мұғалім 1970 жылдардың аяғы, 1980 жылдардың басында география мен тарих сабағында дидактикалық материал ретінде қолданған. Шамасы, 1990 жылдары мұғалімге ақша қажет болса керек, содан бұл картаны көне жәдігер жинаушыларға, жеке антикварларға ұсына бастапты. Бірақ оны ешкім сатып алғысы келмейді. Содан мұғалім Вроцлав Университетінің Ғылыми Кітапханасына барып, онда танымал картограф маман профессор Шикуламен кездесіп қалады. Бағына орай, маман қолындағы картаның 1562 жылға тиісілі әрі әйгілі картограф Абраһам Ортелиустың қолтаңбасы бар көне де бағалы жәдігер екенін түсіндіреді. Картограф маман оны бірден сатып алады. Қазір бұл карта Вроцлав университетінің Ғылыми Кітапханасының қабырғасына ілінген. Оның шығу тарихы да қызық. Негізі, әу бастан бұл картаның 25 данасы шығарылған. Қазір әлемде оның бір-ақ данасын көруге болады. Бәлкім, оның басқа да даналары болашақта табылатын шығар, бірақ қазірге сақталғаны осы боп тұр.

Әрине, бұл карталарды көрген соң мен басқа да еуропалық ғылыми мұрағаттар мен мұражайларда, кітапханаларда іздене бастадым. Бұл жұмысқа 15 жылымды арнадым. Маусым айында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайы жинақ шығарам деп алдыма үлкен мақсат қойдым. Барлық жұмысымды тастап, кітапты баспаға дайындадым. Брюссель баспасында екі аптадай жұмыс істедік. Бұл кітап Францияда теріліп, Бельгияда баспадан шыққан. Бұл да кездейсоқ емес. Мен кітаптың Брюссельде шығуын қаладым, өйткені бельгиялық және нидерландық картографтар осыған дейін белгілі карталарда Қазақ мемлекеттілігін алғашқылардың бірі боп белгілеген. Мәселен, Абраһам Ортелиустың картасы 1562 жылы Бельгияның Антверпен қаласында тұңғыш шыққан. Былайша айтқанда, ол нидерландық картография тарихының алтын ғасыры саналатын кезеңде жарық көрген. Бұл кезең XVII ғасырға дейін жалғасқан. Жалпы, нидерландық картография мектебі әлемдегі ең үздіктердің бірі саналады.

Кейін менің ізденістерім басқа мемлекеттерге жетеледі. Ең алдымен, бұл Нидерланд, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Шотландия, Австрия, Германия, АҚШ, т.б.


Польша, 2006 жыл

Білетін шығарсыздар, Италияда кезінде венецияндық көпестер мен генуялық ғалымдар, картографтар, дипломаттар белсенді болды. Ал АҚШ-тың өзі Қазақ мемлекеттелігі құрылған кезеңде жеке ел болды ғой. XVII ғасырға қарай америкалық дербес картография мектептері пайда бола бастаған. Әрине, жол бастаушылар танымал еуропалық картографтар болған еді.        

Еуропалық, ал кейінірек америкалық мұражайлар мен жинақтамаларда, Қазақ мемлекеті көрсетілен карталар мен Орта ғасырлардағы атластарды алғаш рет көргенім, мені қазақ ретінде, ғалым ретінде дүниежүзі бойынша карталар мен атластарды ғылыми түрде іздеуге, оларды мұқият зерттеуге, жүйелеуге, саралауға, салыстыруға ынталандырды.

Тарихи-географиялық айқындау, көне заман карталарындағы нақты мемлекетті сәйкестендіру – кез келген елдің мемлекеттілігін, оның саяси бірегейлігі мен сабақтастығын, оның болашаққа деген сенімді ұмтылысын жүйелі, кешенді тарихи-саяси, мәдени зерттеулердегі маңызды атрибут, ал Қазақстанның мысалында – әлемнің карталары мен атластарында бейнеленген үзіліссіз мемлекеттілікті растау.

XV ғасырдың соңына қарай Қазақтардың өз мемлекеттілігін одан әрі дамытудағы маңызды процесс институционалды түрде аяқталды: өзінің ұлттық атауын, өз мемлекетінің атын – «Qazaq» автоэтнонимі мен кратонимін иемдену және тарату, мұны ортағасырлық көрнекті мемлекет және саяси қайраткер, қолбасшы, Шығыстың ғалымы және тарихшысы Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и-Рашиди» іргелі тарихи еңбегінде алғаш рет атап көрсеткен.

Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ Мемлекетінің алғашқы тарихнамашысы бола отырып, Қазақтың саяси сана-сезімінің, өзінің саяси-мемлекеттік құрылымының пайда болуы мен одан әрі қалыптасуын, сол кездегі қазақтардың ұлттық Мемлекет шеңберінде өз аумағы мен шекараларының одан әрі шоғырлануын айқын және біржақты бекітті және бірдейлендірді.

Түріктердің мемлекеттілігін дамыту мен қалыптастырудың алдыңғы мол тәжірибесі, этносаяси сана, барлық өлшем бойынша тиімді саяси, аумақтық-этникалық, әскери-әкімшілік инфрақұрылым, жетілдірілген есептік-қаржылық және салық жүйесі, қазақ элиталарының өз мемлекеттілігін ілгерілетуге тарихи-саяси тапсырысы – осы және басқа да факторлар XV ғасырда жас Қазақ Мемлекетінің әлемдік және Еуразиялық геосаяси картасында пайда болуы мен ілгерілеуінің табыстылығына әсер етті.

XVI ғасырдың басында, тарихи өлшем бойынша қысқа уақыт ішінде, қуатты орталықтандырылған мемлекетке айналып, ол белсенді геосаяси субъекті болып қалыптасты, бұл Қазақ Мемлекетінің әлемдік, өңірлік карталарда, еуропалық, кейінірек америкалық зерттеушілер мен картографтардың атластарында тұрақты түрде орнығуынан көрініс тапты.

- Жұмыс барысында қандай қиындықтар туындады?

- Әрине, бұл карталарды іздеп тауып, олармен жұмыс істеу оңайға соқпады. Өйткені бұл көне манускриптер арнайы қорғалған сирек қолжазбалар орталықтарында сақталады.

Оларды көріп-зерттеу мүмкіндігі екінің біріне бұйыра бермейді. Біріншіден, мұндай көне қолжазбалар бөлімдерін табу керек. Екіншіден, ол жерде тиісті карталар сақталған манускриптер бар ма? Бұл да белгісіз. Үшіншіден, арнайы рұқсат қажет. Тіпті, картаны тапқан күннің өзінде саған оны көшіріп алуға мүмкіндік бере ме? Мәселен, кейбір карталар бойынша хат алмасу бірнеше айға созылды. Ең аз уақытқа созылған келісімнің өзі екі айдан асып кетті. Бұл Корольдік кітапханамен өткен келіссөз еді. Екі айлық келіссөздерде маған рұқсат бере ме, рұқсатнаманың шарттары қандай, мәселен, кәсіби фотоаппаратпен кіруге мүмкіндік бола ма, сканерлеуге жағдай жасала ма дегендей мәселелер талқыланды. Әрине, қатаң шарттар да бар.

Жалпы, сирек коллекция өкілдері сенің бұл тарихи жәдігерлермен өте сақ жұмыс істеуіңді қатаң қадағалайды. Сырт көзге бұл өте іш пыстырар жұмыс сияқты көрінуі мүмкін. Неге десеңіз, кейде бір-екі аптаны екі-үш орта ғасырлық манускриптіге арнаған күндер де болды, өйткені саған бір күні бірден төрт көне жәдігерді, арасында карталары бар манускрипті бере салмайды. Тіпті, кейде картаға лупамен қарайсың, өйткені бәрі майда жазумен жазылған. Бірақ Қазақ Мемлекеті көрсетілген картаны тапқанда, жоғалтқан уақытыңды ұмытасың. Қиындықтың бәрі лезде ұмытылып, есіңде жарқын естеліктер ғана қалады.

Әрине, мен бұл карталарды тапқанда қатты қуандым. Мен Жаратушыға, ата-бабаларымызға разы болдым. Себебі қазақты әлем картасында ғасырлармен ешкіммен де шатастырмаған. Бұл карталарда XIX ғасырға дейін еуропалық, америкалық картографтар Қазақстанның колонизацияға дейінгі дәуірін біздің автоэтноним, автократоним және автополитонимді нақты әрі дұрыс жазған.

Бұл терминдер оқырмандарға түсініксіз болуы мүмкін. Этноним дегеніміз – ұлттың, мемлекеттің атауы. Яғни, автоэтноним дегеніміз – халықтың, мемлекеттің өз ішінде өзін атауы. Экзоэтноним деген де бар, бұл басқа халықтардың бір ұлтты атауы. Мәселен, немістер өздерін «Их бин Дойч – Дойчланд» дейді, ал ағылшын тілінде – «Джомэн», орыс тілінде – «Германия», поляк тілінде – «Немцы», француз тілінде – «Алмания» дейді.

Біз де солай. Бірақ бір ерекшелігіміз, әлемдік еуропалық карталардағы атаулардың 90 пайызы бір-біріне ұқсас.

Сізге бірнешеуін мысалға келтірейін, «Pays De Kassaks», «Land der Kaisaken»,«Independent Tartary», «Independent Tartars», «Tartarie Independante», «Cassachi», «Cassakia», «Cassaqy», «Cassak», «Cassaky», «Caßakia», «Chalzag Stati del Tartaro», «Cazalgites», «Chalzag», «Chazalgites», «Cosaques Errans», «Kassakia», «Kalzag», «Kasakia», «Kasaсia», «Kassacia», «Kasatsha», «Kasacha»,«Kassaki Tartari», «Kaski Tartari»,«Kasakki», «Kasaki», «Kassaki», «Kasakhi», «Kayissaks», «Kaizaken», «Kazak», «Kaissaken», «Kaisaks», «Khasaks», «Kasatsia», «Kazatschia», «Kazaschia», «Kasake», «Kasakhe», «Kassakia Horda», «Kassacia Horda», «Kirghiz», «Kirghiz Khasaks», «Khirghiz Kaizak» және басқа да экзоэтнонимдер, экзополитонимдер және экзократонимдер түрінде кездестіреміз.

«Chalzag Stati del Tartaro» дегеніміз – «Қазақ Түріктерінің Мемлекеті» деп аударылады.

«Chazalgites» (Казагите) деген сөз де қызық, себебі венецияндық картографтар қазақ деген атауды екі түрлі атаған. Оның бірі «Cassak», екіншісі «Chalzag» (Кальцак). Сосын итальяннан француз тіліне аударылады. Оған арнайы жалғау жалғанып, «Chazalgites» (Шазальжит) дейді.

Әрине, қазір бұл сөздер қолданылмайды, бірақ Орта ғасырларда кеңінен қолданылған.

Бұдан біз нені байқаймыз? Әлемдік картада біздің халқымыз, Мемлекетіміздің атауы бір-біріне жақын болған.

Ал XIX ғасырдан бастап Ресей империясының бастауымен бізді «Kirghiz Khasaks», «Khirghiz Kaizak» деп әдейі қате жазып, атай бастайды. Бұл кездейсоқ емес. Бірақ XIX ғасырдың басына дейін барлық еуропалық географ, картограф, ғалым, дипломаттар бізді жоғарыдағыдай атаған.

- Бұл еңбекті жазу барысында сізді таң қалдырған дүниелер, тарихи фактілер болды ма? Мәселен, ел біле бермейтін құнды деректер шықты ма?

- Қызық фактілер көп. Көптеген Орта ғасырлық карталар мен қазіргі карталардың өзгешеліктері бар ғой. Егер қазіргі карталарда сіз бір ғана шартты белгілі көрсеңіз, Орта ғасырлардағы картада тек мемлекеттің атауы ғана емес, латын әліпбиінде халықтың тұрмыс-тіршілігі, саяси-мемлекеттік құрылымы, дәстүрі, әдет-ғұрпына дейін берілген.

Әрине, Орта ғасырларда Еуропада ғылым тілі латын еді. Сондықтан мен Қазақ мемлекеттілігіне қатысты барлық латын сөздерін аударып шықтым.

Мәселен, осыған дейін жарық көрген алғашқы карталардың бірі – 1562 жылғы Абраһам Ортелиустың еңбегінде, 1566 жылғы карталарда, сондай-ақ, XVI ғасырдағы Энтони Дженкинсонның картасында қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты қызық деректер келтірілген.

Латын тілінен мағыналық түрде аударғанда, Дженкинсон Қазақ мемлекетін былай сипаттайды: «Үй жануарлары, түйесі көп ел. Ірі қара мал арпамен қоректенеді. Металлмен кәсіп етеді. Таңғажайып метаморфоза, 300 жыл бұрын олар осы порттарға оралды" (Шығыс және Солтүстік-Шығыс Каспий туралы сөз болып отыр, ол бүгінгі күнге дейін Қазақстанға тиесілі).

Картада Дженкинсон мен Рейнольдс Қазақтар туралы мәліметтерді бірнеше рет берген.

Сонымен, Дженкинсон Қазақтар туралы латын тілінде былай деп жазады, оның картадағы иллюстрацияға екінші пікірі (бұл жерде менің аудармаларым берілген):

"Түмендер, Қазақтар, Ноғайлар Магометандық [Магометандық, Мұсылмандық] Түріктер болып табылады, көптеген әйелдерге үйленеді және гиппофагтар (жылқы етін жейтіндер), галактопоттар (бие сүтін ішетіндер) ұлтынан. Олардың дәндері мен жармалары мол, оларды егістіктерге себеді және бұл барған сайын танымал болып келеді. Олардың кез келген ұлысында мемлекетінде өз қазынасы мен ақшасы бар. Олар экзорцизмді пайдаланады – жын-шайтандарды қуады, бірақ жиі шамадан артық кетеді. Олар, зұлым рухтарды жоятын адамдар алға ұмтылып, жауларын қашуға мәжбүр етеді. Жауларға келгенде жылдам шешім қабылдайды. Олар дауыл сияқты жүріп өтіп, жауларын жояды. Олар жасаған асыл тастар (зергерлік бұйымдар) керемет шеберлікпен жасалған. Дәрілік өсімдіктермен, тамаша тамырлармен сауда жасайды".

Дженкинсонның картадағы иллюстрацияға үшінші түсініктемесі:

«Бұл патша Кассактардың [Қазақтардың] әскери күштерімен үнемі соғыс жүргізіп отырады. Алайда, жақында оның барлық дерлік адамдары, халқы жойылды».

Солтүстік-батысында: Ноғай (Nagaia), оңтүстік-батысында Түрікмен, Солтүстігінде Қалмақ (Baida Colmack) мемлекеттері көрсетілген.

Оңтүстігінде Қазақтар мемлекетінен төмен, Tashkent (Ташкент) қаласы көрсетілген. Ташкенттің оңтүстігінде біз Қырғыз мемлекетінің (Kirgessi) белгіленуін көреміз.

Жоғарыда айтылғандай, Дженкинсон Орталық Еуразияның қойнауына енген алғашқы саяхатшы емес. Одан бұрын Стефан Боро (1525-1584) және Уильям Боро (1536-1599) атты екі ағайынды болды, олар Обьтің аузына жету тапсырмасын алған. Келесі саяхатшылар – Еуразияның солтүстігін зерттеушілер Ричард Ченселлор (1520-1556) және сэр Хью Уиллоуби (1516-1554) болды, бірақ екеуі де осы сапарларында қайтыс болды.

Энтони Дженкинсон Патшайым Елизавета I сенімді агенті болған еді. (1533-1603, басқару жылдары 1558-1603 жылдар). Дженкинсон Еуразияның осы аймағына 4 рет сапарлаған.

 Өзіңіз де көріп отырсыз, бізге қатысты көптеген мәліметтер келтірілген. Бұл әрине өте қызық. Орта ғасырлық карталармен жұмыс барысында қазақтың тұрмыс-тіршілігінің қаншалықты дәлме-дәл келтірілгеніне таң қалдым. Бұған екі түсіндірме бар. Біріншіден, географ, ғалым, дипломаттардың өздері әдеби бейнелеудің шебері болғаны соншалық, тіпті, біздің тұрмыс-тіршілігімізді, дәстүрімізді бүге-шүгесіне дейін келтірген. Екінші нұсқам, Еуропаға шетелдік ғалымдармен бірге қазақтар да кеткен сияқты. Бәлкім, кейін елге оралып, еуропалық ғалымдарға біз туралы көп мәлімет қалдырған да шығар.

- Бұл еңбек қанша данамен шығып жатыр? Жалпы, қатардағы оқырманның қолына түсе ме, әлде қазірше тек ғылыми қауымдастыққа арнала ма?  

- Мен фейсбуктегі парақшамда Қазақстан мен Бельгия арасында тікелей әуе қатынасының жоғын айтып келемін. Қазір Бельгияда қатаң карантин енгізілген. Себебі бұл ел жаңа омикрон штамы табылған мемлекеттер санатына кіреді. Сондықтан пандемия кезінде шетелге шығу қиындады. Бірақ соған қарамастан бұл кітаптар Қазақстанға жеткізіледі. Бірінші кезекте мен бұл кітаптарды авторлық сый ретінде облыстық, ұлттық кітапханаларға тегін таратамын. Бұдан кейін Орталық Азиядағы кітапханаларға тарату жоспарда бар. Бұдан бөлек, бүкіл түркі әлемінің кітапханаларына тарату маңызды. Кейін басқа да кітапханаларға тарата берерміз.

Презентацияда бұл кітаптарды оқырман да оқи алады. Әрине, оның таралымы көп емес, бірақ меніңше, бұл кітап екінші рет Қазақстанда баспадан шығады деп сенемін. Жалпы, Бельгияның Корольдік кітапханасында Қазақ мемлекеттілігін айқындайтын алты карта сақталған. Сондықтан мен бұл кітап Бельгияда шығуы тиіс деп шештім әрі бұл шешімімді Қазақстанның Бельгиядағы Төтенше және өкілетті елшілігі қолдады.

- Бұл карталардың ерекшелігі не? Қазақ мемлекеттілігінің тарихын айқындауда қандай маңызды қызмет атқарады?

- Ең алдымен айтарым, бұл карталардың бейнесі әралуан сапада, көлемде келтірілген әрі жоғары ажыратымдылықта берілген.

Барлық карталардың өздерінің толық, жүйеленген шығу деректері, техникалық параметрлері бар. Яғни, осы кітапта берілген әрбір карта қолда бар мәліметтердің толықтығын жүйелеуге және қамтуға ыңғайлы болу үшін, шығу деректерімен, техникалық параметрлермен бірге жүреді.

Мысалы, әр карта былай басталады:

1562

Нидерланд картасындағы «Cassacia» Қазақ Мемлекеті.

Kazakh State «Cassacia» on the Dutch map.

Нидерланд картасында "Cassacia" Қазақ Мемлекеті.

Әрі қарай ғылыми зерттеулер, сілтемелер және дәйексөздер үшін маңызды картаның толық шығу деректері, кестелік деректер түріндегі карта параметрлері келтіріледі.

Бірқатар карталарда, әсіресе XVI-XVII ғасырлардың карталарында, менің толық сипаттамам – оларға дескрипторлар, карта бойынша қызықты мәліметтер сипатталған түсініктемелер, оның топонимиялары, ерекшеліктері, картаның пайда болу және жазылу тарихы, авторлардың – географтардың, картографтардың, саяхатшылардың өмірі мен өмірбаяндары туралы қызықты мәліметтер бар.

Карталар үш түрде беріледі:

  • Біріншісі – Қазақ Мемлекетінің өзі көрсетілген картаның барынша ауқымды, ірілендірілген учаскесі.
  • Екіншісі – картаның аймақ немесе континент контекстіндегі бөлігі (әлем карталарында).
  • Үшіншісі – карта өзінің бастапқы толық түрінде.

Біз карталар мен атластардың сканерлері мен фотокөшірмелерін визуалдауға ең қолайлы үлкен формат – А3 форматты кітапты таңдадық.

Екі беттің ашылған жағында карталар A2 форматына ауысады, бұл оқырмандарға картаны егжей-тегжейлі қарастыруға және зерттеуге мүмкіндік береді.

Әрине, онда топонимика, ономастика, тарих, мәдениет, урбанизация жайында мәліметтер жетерлік. Кітап мақсаты – көптеген еуропалық, америкалық карталарда Қазақ Мемлекеттілігі бейнеленген мәліметтерді ғылыми-зерттеу, мәдени-танымдық айналымға енгізу, бекіту. Бұл жерде маңызды нәрсе, орта ғасырларда «s» әрпі латынның «f» әрпіне ұқсас болған. Сондықтан азаматтар кітапты қолына алған кезінде орта ғасырлық жазуды айыра білуі керек. Сондықтан «Каффак» емес, «Кассак» деп оқуы керек. Бұл өте маңызды. Өйткені Орта ғасырлық еуропалық жазу қазіргі еуропалық жазудан әлдеқайда ерекшеленеді.

Әрине, автор ретінде мен бұл кітаптың маңызын айта алмаспын, бірақ оның маңызын сезіп жатқан шығарсыздар. XV ғасырдың ортасында әлемнің саяси картасында жас, тәуелсіз, еркін, саяси белсенді және жоғары пассионарлы Қазақ мемлекетінің пайда болуы еуропалықтардың Шығысқа, Азияға деген сауда жолдарын іздестіруімен қатар, Ұлы географиялық ашылымдар кезеңінің басталуымен тұспа-тұс келіп отыр. Бір жағынан, қазақ прагматизмі, екінші жағынан, еуропалық прагматизм бір-бірімен тоғысып отыр.

Менің ойымша, ұсынылған карталар сол кездегі еуропалықтар мен америкалықтар үшін бағдарлаудың, навигацияның құралы болды. Бұл өз кезегінде Еуразия, Азия, жалпы Шығыс елдері, Қазақстанды егжей-тегжейлі зерттеп-тануға, Қазақ Мемлекетімен дипломатиялық, сауда-экономикалық, әскери-саяси, мәдени және өзге де байланыстарды жолға қоюға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, бұл кітапта келтірілген 130 еуропалық және америкалық картографтардың еңбегі, Қазақ мемлекеттілігін көрсеткен Еуропа, Азияның баспа карталарының барлығы – қазақ халқы үшін өте қуанышты, көз тартарлық көрнекі дүние. XV-XIX ғасырларда көптеген еуропалық карталардағы объектілердің орналасуы географиялық, картографиялық ғылымның дамуына байланысты әрдайым егжей-тегжейлі дәл бола бермейді.

Егер біз заманауи ғылыми жетістіктермен салыстырсақ, дәл ғарыштық суреттермен расталған қазіргі әлем туралы картографиялық түсінігіміз сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ мұны түсінуге болады. Алайда еуропалық және америкалық карталар жалпы алғанда қазақ мемлекетінің орналасқан жері мен шекарасының қазіргі біздің заманауи түсініктерімізбен тарихи-мәдени деректерімізге тұспа-тұс сәйкес келетініне күмән жоқ.          

- Алға қойған қандай мақсатыңыз бар? Бұл еңбек үлкен зерттеулердің басы шығар...

- Бұл кітап ең алдымен болашақ пәнаралық зерттеулер үшін жазылды. Мен ғалым ретінде бұл кітапты ғылыми мақсаттар үшін жаздым. Әрине, менің арманым біздің мектептерде, оның ішінде, тек ірі қалалардағы ғана емес, шалғай аудандар, ауылдардағы кішігірім орта білім ошақтарының қабырғасында бұл карталардың 130-ы болмаса да, 10-20-сы ілініп тұрса екен деп армандаймын.

Біздің балаларымыз бұл карталарды көріп, ата-бабаларымыздың бізге әлемнің 9-шы территориясын, мемлекетін қалдырғанын білуі керек.

Ата-бабадан ұрпаққа қалған басты мұра – мемлекеттілік. Екінші мәселе, біздің мемлекеттік органдарда, мұражайларда алдағы уақытта Қазақ карталары бейнеленген арнайы залдар ашылуы керек. Менің еңбегім сол үшін де жасалды.

Бұл карталарды мұражайларға ұсынуға дайынмын. Оларды тек өз қаракөздеріміз ғана емес, сондай-ақ, қонақтарымыз, Қазақстанның достары, зерттеушілері көруі тиіс.

Олар еліміздің кез келген облыстық орталығындағы мұражайға барып, Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігіне, тәуелсіздігіне көз жеткізсе екен деймін.  

Тәуелсіздік – басты құндылығымыз, Құдайдың тәтті сыйы. Бұл карталар соған дәлел. Оқырмандарыма тілейтінім, кітапты мұқият оқыңыздар!

Сіздер де мен бұл карталарды тапқан кездегі сезімдерге бөленесіз деп сенемін. Бұл ата-бабамызға разылық пен қазақ ұлтының өкілі болғаныңа шүкіршілік ету сезімі. Сенің шамамен 600 жыл бұрын құрылған мемлекетте тұруыңның өзі үлкен бақыт дер едім.

- Сұхбатыңызға рахмет!

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.