Жаңа Төрағаны сайлау, өзгерген Жарғы және Саяси кеңес құрамы – Nur Otan съезі қорытындыланды

Azattyq Rýhy

27 қаңтарда Саяси кеңестің отырысы өтіп, онда күн тәртібі бекітілген болатын

Жаңа Төрағаны сайлау, өзгерген Жарғы және Саяси кеңес құрамы – Nur Otan съезі қорытындыланды

Бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI Съезі қорытындыланды. Жиын барысында партияның жаңа Төрағасы сайланып, партия Жарғысы мен Саяси кеңестің құрамына өзгерістер енгізілді.

Съездге еліміздің барлық өңірінен 389 делегат қатысты. Жиын онлайн-форматта өтті. Съезд қарсаңында партияның Саяси кеңесінің қаулысымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес қатысушылар үш мәселені қарады: 1. Партияның Төрағасын сайлау туралы; 2. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы; 3. Саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы.

1. Партияның Төрағасын сайлау туралы

Партияның кезектен тыс XXI Съезінің шешімімен елдің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірауыздан «Nur Otan» партиясының Төрағасы болып сайланды.

2. Жарғыға өзгерістер енгізу туралы

Осы уақытқа дейін партиялық жарна жалақының ең төменгі мөлшеріне байланыстырылып, ең төменгі жалақының 0,7%-ін немесе жылына 3570 теңгені құрағаны белгілі.

Мемлекет басшысының шешіміне сәйкес осы жылдың қаңтарынан бастап барлық мемлекеттік төлемдерді ең төменгі жалақыға байланыстыру алынып тасталды.

Партия Жарғысына сәйкес партиялық жарнаның мөлшерін бекіту Съездің айрықша құзыретіне жататындықтан, бүгін делегаттар партиялық жарнаны айлық есептік көрсеткішке байланыстыра отырып есептеу туралы шешім қабылдады. Бұл айлық есептік көрсеткіштің 0,1-ін, яғни жылына 3676 теңгені құрайды.

Съездің 389 делегатының 389-ы Жарғыға өзгерістер енгізуге дауыс берді.

3. Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу туралы

389 делегаттың 389-ы Саяси кеңес құрамының өзгерістеріне дауыс берді.

Оған партия мүшелерінің санына пропорционалды түрде барлық өңірдің өкілдері енді.

Жалпы, партияның жоғары өкілді органы 55%-ке жаңарды.

Әйелдердің үлесі 33,7%-ке дейін өсті. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі 6 есеге, 13%-ке дейін артты. Орташа жас мөлшері 4 жылға төмендеп, 47 жасты құрады. Мемлекеттік қызметшілер саны үштен бірге қысқарды.

Саяси кеңестің құрамында азаматтық сектордың өкілдері айтарлықтай артты.

Білім беру саласының өкілдері 2 есеге (10%) артты. ҮЕҰ мен БАҚ үлесі 2 еседен астамға, 15,2%-ке ұлғайды.

«Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің жаңа құрамы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.