«АҚШ аяғын тартпайды, Ресей тығырыққа тірелді»: Украина дағдарысы қалай өрбуі мүмкін?

Саяси сарапшылардың пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы текетірес соғысқа ұласпайды

Фотоколлаж

Украина-Ресей қарым-қатынасы күннен күнге ушығып барады. Орыс әскері Украинаға басып кіруі мүмкін деп «уайымдаған» АҚШ та Шығыс Еуропаға әскерін жұмылдырып жатыр. Байден әкімшілігі Ресей тарапынан агрессияға жол бермейміз деп ашық мәлімдеді. Украина дағдарысы мен Ресей және НАТО әскерінің текетіресі туралы қазақстандық сарапшылардың пікірі қандай? Azattyq Rýhy тілшісі елдегі танымал саясаттанушылардың пікірін білді.

БҰЛ ЖҮЙКЕНІ ТЕКСЕРУ «СОҒЫСЫ», ОНЫҢ ҚЫЗУЫ ЖАҚЫНДА БАСЫЛАДЫ

Сұлтан Әкімбеков, Азия зерттеу инситутының директоры:

- Соңғы ақпаратқа қарасақ, АҚШ аяғын тарпайтынын мәлімдеді. Шығыс Еуропа аймағына 8 мыңдық әскерін жіберуге дайын екендігін айтудан танбай отыр. Одан тыс, АҚШ пен Ұлыбритания Киевтен дипломаттарын шығару процесін бастады. Десе де, бұл «жүйкені тексеру соғысы» деп айтса болады. Себебі, тараптар қатқыл мәлімдемелер жасудан арыға барған жоқ. Әскерді шекараға қарай жақындату деген сияқты бірінің жүйкесіне бірі тиетін қадамдармен шектеліп отыр. Кімнің жүйкесі бірінші сыр береді екен деген мақсатпен бір-біріне психологиялық қысым жасау деп түсінемін

Қарым-қатынасты қиындатқанымен ешкім соғысайын деп отырған жоқ. Оны бәрі түсініп отыр. Кім шыдамды және кім бірінші қаймығады деген текетірестен туған қадамды байқаймыз. Десе де, америкалық билік ештеңеден қайтпаймыз, соңына дейін барамыз деп қасарысуы, әрине Ресей үшін жағымсыз жаңалық. Бұл ситуацияда Ресей қиын жағдайда қалып отыр, тығырыққа тірелді десек та болады. Путин енді қатал қадамдарға баруы керек немесе аяғын тартуы тиіс. Бұл екі нұсқа да оған тиімсіз. Әрине, Ресей бұлай текетіреске барардан бұрын, осының аяғы әскери қақтығыстарға ұласуы мүмкін деген нұсқаны қарастырмағаны анық. Бұл Ресей үшін Батыспен қарым-қатынаста өз рөлін айқындап алу үшін керек болған. Бірақ екі тарапқа да керегі соғыс емес. Бірақ, енді келісімге келу мүмкін емес екенін түсінді. АҚШ-тың позициясы да қатаңдай түсті. Олар барлық тұрғыдан басымдық өздерінде екенін түсінеді.

Көптеген сарапшылар Владимир Путин үшін электораттың алдында ұпай жинау анағұрлым маңызды екенін айтады. Мұны Байден мен Путиннің өз халқы алдындағы кезекті рейтингін көтеру қадамы деп қарауға бола ма? Сұлтан Әкімбековтің пікірінше, Ресей саясаткерлері үшін халықтың көзқарасы маңызды. Мұндай ушыққан жағдайды қаншалықты ұстап тұруға болады, бұл басқа сұрақ. Себебі патриоттық көңіл күйді көтеру де оңай, керісінше түсіріп жіберу одан оңай.

«Ресейде экономикалық жағдай оңып тұрған жоқ. Сондықтан халық үшін бұл соғыс қажет пе деген мәселені ойлау керек. Ресей сарапшыларының өзі халық қандайда бір радикалдық қадамдарға дайын емес екенін айтып жатыр. Сондықтан бұл тактикалық тұрғыдан дұрыс сұрақ. Ал, Америкада жағдай басқаша. Билік халқының алдында әлсіз екенін көрсеткісі келмейді. Десе де, АҚШ-та билік электораттың көңіл күйіне қатты бағынышты емес. Байден сайлауын өткізіп алды. Джо Байденнің де рейтингі бәрібір төмен. Бірақ сонда да америкалық басшы да халқының пікірімен санасатыны анық», - дейді саясаттанушы.

ГИБРИДТІК СОҒЫСТАН ШЫНАЙЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА АЙНАЛУЫ МҮМКІН

Белгілі сарапшы Расул Жұмалы керісінше соғыс қаупі басым деген ой айтады. Қазірдің өзінде 2014 жылдан бері гибридтік соғыс жүріп жатыр. Ол ауқымды, шынайы қару қолдану кезеңіне өте ме деген қорқыныш басым. Екі жақтың, соның ішінде Ресей мен Украина ғана емес, жалпы Ресей мен Батыстың арасындағы келіссөздер тығырыққа тірелді. Жекелеген Еуропа елдері дипломаттарды көшіріп жатқандығы, екі жақтан да өте қатқыл мәімдемелердің жасалып жатқаны – мәселенің бір жағы.

Ал екінші жағынан қазіргі Ресей басшысынан кез келген қадамды күтуге болады дейді саясаттанушы. Яғни, 2014 жылғы оқиғалардан кейін сарапшылар соғыс болмайды деп болжағанымен, бәрібір де сақтықпен қарау керектігін айтты Расул Жұмалы.

«Соғыс бола ма? Әбден мүмкін деген ой келе бастады. Ал оған қарымта әскери сарапшылардың алға тартатыны: рас, ондай ниет бар. Бірақ қазір Украинамен екі арада шоғырланған әскер толыққанды ма деген сауал туындады. Әскери әрекеттер жүргізуге жеткіліксіз, сөз болып отырған әскер саны 120 мың сарбаз. Украина сияқты әлеуеті бар елге бұлар қандай күш көрсете алады деген сараптама да айтылып отыр. Ресей қиын жағдайға ұрынады. Сондықтан осындай көлемде ашық соғыс жүргізу неғайбыл деген дәйектерін де тыңдамасқа лажың жоқ. Қалай десе де, әліптің артын бағу керек», - дейді сарапшы.

Қазақстандық саясаттанушы ашық соғыстан көрі сол гибридтік соғыс, іштей арандату сияқты әрекеттердің одан әрі жалғаса беретінін болжап отыр.

«Меніңше енді жағдай шиеленісе береді. Владимир Путин алдына қойған мақсатына сес көрсету арқылы жетуге тырысады, менің талаптарым орындалмаса, іске насырға шабады деп қоқан-лоқы көрсетуін тоқтатпайды. Қазіргі тәуекелдер алдағы ақпан айымен байланысты. Бейжіңдегі олимпиада аяқталысымен, қақтығыстар мен текетірестер қызу бір деңгейге көшуі мүмкін», деп болжайды Р.Жұмалы.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.