Филиппиндегі отандастарымыз елге қашан қайта алады – СІМ жауабы
Жанартау салдарынан Манила әуежайы рейстердің жүруін кейінге қалдырды
ҚР Сыртқы істер министрлігі Филиппинге демалысқа кетіп, Тааль жанартауының атқылауы салдарынан бірнеше тәуліктен бері елге қайта алмай отырған жерлестеріміздің елге қашан қайтатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Филиппинде атылған вулканның нәтижесінде Қазақстан азаматтары зардап шеккен жоқ. Қазір тек тек екі турист байланысқа шығып, өздерінің Манила қаласынан ұшып кете алмайтындарын жеткізді. Біздің мәліметке сәйкес, олар әуе билетін ауыстырып, 15 қаңтарда басқа қалаға ұшып шығуын жоспарлап отыр», - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Айта кетсек, Филиппиндегі Тааль жанартауы 2019 жылдың 28 наурызынан бері атқылап жатыр. Дегенмен, 12 қаңтар күні жанартау биіктігі бір шақырымға жетіп, айналасындағы елдімекендерге айрықша қауіп төндірген. Соның салдарынан 80 мың тұрғыны бар Батангас провинциясына қарасты Сан-Николас, Балете және Талисай атты үш елдімекен қауіпсіз жерге көшірілген.
Жанартаудан 85 шақырым қашықтықта орналасқан Манила әуежайы қалыптасқан ахуалға байланысты жүздеген рейсті қабылдау және жөнелту жұмыстарын уақытша тоқтатып отыр.