Атүсті және біржақты сипатта жазды – ҚР СІМ шетелдік кейбір БАҚ-ты сынады
Қазақстанның бірнеше қаласында 5 қаңтарға қараған түні бүлік болды
Қазақстанда болған террористік шабуылдар туралы шетелдік кейбір БАҚ-тар атүсті және біржақты сипатта жазған деп хабарлады еліміздік Сыртқы істер министрлігі.
«Маңғыстау облысы мен елдің барлық ірі қалаларында бейбіт митингілер өтті. Олардың талаптары толық қанағаттандырылды. Алайда, терроршыл, экстремистік және қылмыстық топтар шиеленіс пен зорлық-зомбылықты ушықтыру үшін бұл жағдайды өз мүддесіне пайдаланып алды. Осыған байланысты елде төтенше жағдай жарияланды. Алматы қаласындағы және елдің басқа да өңірлеріндегі оқиғалар көрсеткендей, Қазақстан шетелде дайындықтан өткен және жақсы үйлестірілген терроршыл топтардың шабуылына тап болды. Алдын ала мәліметке қарағанда, шабуылшылардың арасында жанжал аймақтарында діни радикалдық топтардың қатарында қақтығыстарға қатысу тәжірибесіне ие адамдар бар. Қазіргі уақытта Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Қарулы күштері, кейбір шетелдік БАҚ бұрмалап көрсеткендей, «бейбіт сипаттағы наразы топтарға» емес, террористерге қарсы тұруда», ˗ делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, СІМ-нің мәлімдемесінде айтылғандай, Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) көмекке жүгінуге мәжбүр болды.
«Жағдайды тұрақтандыру мақсатында жалпы саны 2 500 адамды құрайтын бітімгершілік күшін жіберді. Олардың мандатына стратегиялық нысандарды күзету және қазақстандық құқық қорғау күштеріне жәрдемдесу кіреді», - делінген министрлік хабарламасында.