14 мың шақырымдық шекараға қатысты сындарлы келіссөздер ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ - Елбасы
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы шықты

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында елдің шекара аумағын бекіту кезеңі оңай болмағанын айтты деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бабаларымыз бізге мұра қылып ұланғайыр жер қалдырды. Бірақ ол кешегі патша заманында да, Кеңес Одағы тұсында да халықаралық құжаттармен ресімделмеді. Жалпы ұзындығы 14 мың шақырымдық біздің шекарамыздың барлық бойлығына қатысты сындарлы келіссөздер үдерісін ұйымдастыру оңай міндет болған жоқ. Бұған басшылығы алғашқы күндерден-ақ біздің тәуелсіздігімізге, сондай-ақ шекарамызды нақтылау ісіне қолдау білдірген екі ұлы көршіміздің – Ресей мен Қытайдың арқасында қол жеткізілгенін айта кетуім керек. Сөйтіп, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы ұзындығы 7500 шақырым болатын ортақ шекарасы достық пен сенім белдеуіне айналды», ˗ дейді Елбасы.
Мақалада ҚХР-мен шектес 1700 шақырымдық шекара бойынша тарихи уағдаластыққа қол жеткізілгенін айта келіп, Ресейдің және оның президенті В.В.Путиннің, Қытай басшылығының тарихымыздағы сол маңызды сәтте көрсеткен қолдауының әрдайым қадірін біліп, ризашылықпен есте ұстауға тиіс екенімізді айтты.
«Келіссөз барысында өзара түсіністік пен тараптардың мүддесіне деген құрмет ахуалын қалыптастыра отырып, біз жүйелі түрде халықаралық келісімшарттар жасасып, мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алдық. Солайша, бабалар аманатын орындау үшін және күндердің күнінде өз ұрпағымыздың алдынан бұдан да ауыр қиындықтар шықпауы үшін түйткілдер мен кедергілердің бәрін еңсеріп, қолға алынған істі ақырына дейін жеткіздік», - дейді Елбасы.