АҚШ валюта басқармасының жетекшісі қызметіне үміткер Сәуле Омарованың тоқсаныншы жылдары жасаған ұрлығы туралы айтылды
Қаржыгердің өзі бұл жағдайды ешкімнен жасырмағанын мәлімдеді
Кандидатурасы АҚШ валюта басқармасының жетекшісі қызметіне ұсынылған қазақ Сәуле Омароваға қатысты БАҚ беттерінде компромат пайда болды. Сенат тыңдауларының қарсаңында республикалық партия өкілдері және партия ұстанымдарын жақтайтын медиа құралдары оған қарсы шабуылды күшейте түсуде. Британиялық Daily Mail басылымының жазуынша, Сәуле Омарова 1995 жылы Висконсин штатында TJ Maxx дүкенінен төрт жұп аяқ киім, екі әтірсу, екі белдік пен шұлық ұрлағаны үшін ұсталған. Бұл жайлы сәрсенбі күні белгілі болды.
Омарова жалпы құны 214 доллар тұратын заттарды үлкен сөмкеге салып, оны басқа киім-кешектермен жауып жасырып дүкеннен алып шыққан.
Омарованың ұрлық жасағанын растаған TJ Maxx дүкенінің қауіпсіздік қызметінің жұмысшысы Fox News телеарнасына қызық жайтпен бөлісті. Күзетшінің айтуынша, Сәуле Омарова зергерлік бұйымдар кассасында бірнеше тауар үшін ақша төлегенін, бірақ «сөмкеде жасырылған заттар үшін төлем жасауға әрекет жасамағанын» айтты.
Атын құпия сақтауды қалаған күзетші Омарова ұрланған заттармен дүкеннен шығып кеткен кезде оның алдынан шыққанын айтты. Күзетші ұрланған заттардың ақысын төлеуді талап еткен. Кейін Омарова оны мойындап, ұрланған заттарға төлем жасаған. Мәліметтерге сәйкес, Қазақстан тумасы Висконсин штатының Мэдисон қаласында қамауға алынған. Кейін одан барлық кінәлар алып тасталынған. Бұл жағдай 26 жыл бұрын, 1995 жылдың 2 маусымда болған.
Бұл ақпаратты өзінің твиттер-аккаунтында American Accountability Foundation атты үкіметтік емес ұйым жариялаған болатын. Бұл инцидент жайлы ақпарат пайда болғаннан кейін Ақ Үй Омарованы жақтап, оны «аса білікті» маман және бұл жағдайды «келеңсіз және бұлыңғыр» деп мәлімдеген.
Омарова болса бұл оқиғаны ешқашан жасырған емес. Буш әкімшілігіне, яғни Қаржы министрлігінде қызмет еткен уақытта да бұл жайлы мәлімдеме жасаған. Ақ Үй таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл іс 1996 жылы толығымен жабылып, келеңсіз жағдай деп танылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін ол Корнелл университетінде профессор қызметін атқарып келген. Жақын арада Сенат қабырғаларында оның жаңа қызметке кандидатурасы бойынша тыңдаулар өтеді. Оның кандидатурасын бекіткен жағдайда Қазақстан тумасы академиялық саладан ықпалды саяси қызметке ауысады. Аталмыш ұйым ақша айналымын бақылаушы басқарма. Бұл басқарманың негізін 1863 жылы Авраам Линкольн қалаған, ал қазіргі таңда құрылымда 4 мыңға жуық маман қызмет атқарады. Ал басқарманың жиынтық активі 15 триллион долларға жуықтайды. Сәуле Омарова Сенаттың сынағынан сүрінбей өтсе, ол 158 жылдық тарихы бар ұйымды басқаратын тұңғыш әйел болмақ.