«Біз сіздердің қоғамдық қабылдау тәжірибелеріңізді мұқият зерттейміз»: ресейлік саясаткер Nur Otan жұмысына жоғары бағасын берді
Форумға әлемнің 15 елінен 600-ге жуық спикер қатысып жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Әзірбайжаннан келген саясаткерлер де бар.
Ресейдің «Единая Россия» партиясы «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстарынан тәжірибе алады. Бұл туралы «Единая Россия» партиясының Бас кеңесі Хатшысының орынбасары Андрей Климов Елордада өтіп жатқан «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумында айтты.
Айта кетейік, аталған форумға әлемнің 15 елінен 600-ге жуық спикер қатысып жатыр. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Әзірбайжаннан келген саясаткерлер де бар.
«Ресей үшін осындай достың, серіктестің бар екені өте маңызды. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай біздің партиямыздың халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Жоғарғы комиссиясының жетекшісі, РФ Сыртқы істер министрі Сергей Викторович Лавров жақында «Ресей мен Қазақстан: Шекарасыз ынтымақтастық» атты үлкен мақала жазды. Онда «Ресей мен Қазақстан байланысы Еуразиялық интеграциялық процестің негізгі элементінің ажырамас рөлін атқарады. Оның идеялық жетекшісі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» делінген. Біз «Единая Россия» партиясының өкілдері бұл ұстанымды қолдаймыз», - деді «Единая Россия» партиясының Бас кеңесі Хатшысының орынбасары.
Сонымен қатар, Андрей Климов «Nur Otan» партиясының атқарып жатқан жұмыстарына жоғары бағасын беріп, ресейліктер тіпті тәжірибе де алып жатқанын айтты.
«Біз сіздердің қоғамдық қабылдау тәжірибелеріңізді мұқият зерттейміз. «Единая Россия» партиясы да осындай тәжірибе жинақтауда. Еріктілер қозғалысы біздің басты назарымызда екені сөзсіз. Бұл ретте сіздерде өте жақсы жетістіктер бар. Жастарды дамыту тәсілі де біздің басты назарымызда. Қоғамдық саяси институтты да атап өткен жөн. Бізде де сол сынды «Халықаралық партияаралық сарапшылар тобы» бар. Осы екі сараптамалық жүйенің өзара іс-қимылы аясында бізде әлі де көптеген ортақ игі істер болады деген үміттемін», - деді Андрей Климов.
Өз баяндамасында ресейлік спикер ортақ мәселелердің бар екендігіне баса назар аударды. Бұл - жаһандық бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тұрақты дамуды қамтамасыз ету; экологиялық қауіпсіздікті орнату, қоршаған ортаны қорғау, ақпараттық технологияларды дамыту, жасанды интеллектіні енгізу сынды мәселелер. Климов аталған өзекті тақырыптарды халықаралық келісім мен серіктестіктің арқасында шешуге болатынына сенім білдірді.