Қазақстан жүргізіп отырған гендерлік саясатпен мақтануға болады – Ұлыбритания лорды Джеймс Уортон
Британ саясаткері Nur Otan партиясы жүргізген праймеризді де өзгелерге үлгі болуы тиіс екенін атап өтті

Қазақ қоғамында әйел адамның рөлі қашанда ерекше болған. Мемлекеттің қазіргі жүргізіп отырған гендерлік саясаты осыған дәлел және мұны көпке үлгі етуге болады дейді Ұлыбритания Лордтар палатасының өкілі, консервативтік партия мүшесі лорд Джеймс Уортон. Мұндай пікірін ол елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында өтіп жатқан халықаралық форумда айтты.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» тақырыбында халықаралық форум өтіп жатыр. Оған әлемнің 15 елінен 600-ге жуық спикер қатысуда. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік КОрея, Ресей, Әзірбайжаннан келген саясаткерлер де бар.
Джеймс Уортон Қазақстанның Орта Азиядағы көшбасшы елге айналғанына, елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар болашақ ұрпақтың пайдасына міндетті түрде жұмыс істейтінін атап өтті.
«Мен Елбасы әзірлеген бірнеше құжатты оқып, танысып көрдім. Олар болашақ ұрпақ үшін жасалған. Мұндай болашақты кез келген мемлекет армандайды деп айтар едім. Институттарға деген құрмет, жоспарлар, өзгерісті күту, ұлттық эволюция жолы – мұның бәрі Қазақстанның болашағы үшін жұмыс істейді», - деді лорд Джеймс Уортон форум кезінде сөйлеген сөзінде.
Британ саясаткері Nur Otan партиясы жүргізген праймеризді де өзгелерге үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.
«Ұлыбританияда біз партияішілік іріктеуді тура осындай праймериз арқылы жүргіземіз. Біз де осындай саяси реформалар жүргізіп келеміз. Мен білемін, сіздер де демократияға жетер жолда өзгелердің жолынан сабақ алып, өз үлгілеріңізді қалыптастырып келесіздер. Бұл жолда біз сіздерге доспыз», - деді лорд Джеймс Уортон.
Ол Қазақстан жүргізіп отырған гендерлік саясаттың ерекше екенін де атап өтті. Қазақтың дәстүрлі қоғамындағы әйел ролі, әйелге деген құрметтің жоғары болуы британ саясаткерін қызықтырған.