$ 524.75  540.6  5.12
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.11.2021, 12:35
Саясат

«Nur Otan» партиясы үстемдік ететін көппартиялық жүйе Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі – Бауыржан Байбек

Бауыржан Байбек 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық саясаты аясында жалғасып жатқанын атап өтті

«Nur Otan» партиясы үстемдік ететін көппартиялық жүйе Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі – Бауыржан Байбек

Елордада «Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты екі күндік халықаралық форум өз жұмысын бастады.

Шараға 600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзірбайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері қатысуда. Спикерлер сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысады.

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жиын барысында бұл кездесу Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті.

Ол Қазақстанның 30 жылдық дамуының басты жетістіктері ретінде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей полигонын жабу, еліміздің жаңа астанасының салынуы мен ежелгі Түркістанның қайта түлеуі, барлық мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатып, 15 мың км мемлекеттік шекараны бекіту, экономиканы нарықтық трансформациялау бойынша жүргізілген түбегейлі реформалар және Ұлттық қор құру, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына бөлінген ауқымды инвестициялар, халық санын ұлғайту сияқты т.б. оң істерді атады.

Сондай-ақ, Бауыржан Байбек 2019 жылдан бастап партиялық-саяси жүйенің дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық саясаты аясында жалғасып жатқанын атап өтті.

«Президенттік сайлауда айқын жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында: «Біз саяси реформаларды «асығыстыққа салынбай», керісінше, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып жүзеге асыратын боламыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деді. Сол сәттен бастап елімізде саяси реформалардың бірнеше пакеті жүзеге асырылды. Партиялар үшін тіркеу кедергісі мен Мәжіліске өтуге арналған кедергі заңнамалық тұрғыда азайтылды, сайлауалды тізімдерде әйелдер мен жастар үшін квота белгіленді, парламенттік оппозиция институты бекітілді, митингілер өткізудің хабардар ету қағидаты, сондай-ақ, ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді», - деді билеуші партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, 2019 жылдың тамыз айында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияны жүйелі «қайта жандандыру» «Nur Otan»-ға жыл басында Мәжіліс пен мәслихат сайлауында тиісінше 72% және 82% жинап, айқын жеңіске жетуге мүмкіндік берді. Саяси тәжірибеде алғаш рет праймериз өткізіліп, халықтың сұранысы негізінде әр облыс, қала және аудан үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды.

Тұтастай алғанда, партиялық тізімдер бойынша сайлауға жүйелі түрде көшу партиялардың сайлауалды уәделеріне жауапкершіліктерін арттыра отырып, олардың барлық деңгейде институционалдық нығаюына жағдай жасады.

«Биыл алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында «Nur Otan» округтердің 80%-тен астамында жеңіске жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тікелей сайлаулар халықтың 40%-тен астамын құрайтын ауыл тұрғындарының мүддесін қозғайтын саяси реформалардың дәйекті бөлігі болғанын атап өтті. Нәтижесінде, бүгінде Қазақстанның Мәжілісте 3, жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарда – 5, ауылдық әкімдер деңгейінде – 6 саяси партиясы өкілдік етуде. Осылайша, аталған жылдар аралығында қалыптасқан «Nur Otan» партиясы үстемдік ететін көппартиялық жүйе Тәуелсіздіктің маңызды жетістігі деп нық айтуға болады», - деді Бауыржан Байбек.

Серіктес жаңалықтары