Азаматтық қоғамды құру – негізгі басымдықтарымыздың бірі – Тоқаев
Президенттің құттықтау сөзін Дәурен Абаев жеткізді
Алматыда X Азаматтық форумның пленарлық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пленарлық отырыс аясында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев форумға қатысушыларға Мемлекет басшысының құттықтау сөзін жеткізді.
«Баршаңызды Х Азаматтық форумның ашылуымен құттықтаймын!
Бұл – мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың үйлесімді дамуына зор үлес қосатын маңызды басқосу. Азаматтық қоғам құру – біз үшін негізгі басымдықтың бірі. Елбасының бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан форум – осының айқын дәлелі.
Диалогтың осы үлгісі көптеген мәселені талқылап, ұсыныс әзірлейтін тиімді пікірталас алаңына айналды. Форум азаматтық бастамаларды қолдау үшін жүйелі шаралар қабылдауға септігін тигізуде. Сондай-ақ, стратегиялық және заңнамалық құжаттар дайындауға ықпал етуде», - деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде былтыр Жарлық бойынша Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілгенін айтып өтті.
«Бұл құжат билік органдары мен қоғамдық ұйымдардың серіктестігін күшейтуді көздейді. Оған қоса тұрғындардың елдік істерге еркін араласуына мүмкіндік береді.
Шын мәнінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» пен әділетті қоғам құру жолында өзара ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Егемендік жылдары Қазақстанда үкіметтік емес сектордың қызметі айтарлықтай жанданды. Қазір 2500 ұйым мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қолдауға ие болып отыр. Олар жыл сайын екі мыңнан астам әлеуметтік жобаны жүзеге асырады.
Үкіметтік емес ұйымдар сан түрлі саланы өркендетуге атсалысып келеді. Індет кезінде қоғам өкілдері, волонтерлер мен меценаттар отаншылдық пен елге қамқорлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Біз осындай игілікті істерді жалғастыра беруіміз керек. Бүгінгі басқосу азаматтық белсенділікті одан әрі арттырып, сындарлы қоғамдық диалогты нығайта түседі деп сенемін.
Форумның жұмысы табысты болсын!» - делінген Президенттің құттықтау хатында.