$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.11.2021, 17:30
Саясат

АҚШ Президенті Джо Байденнің рейтингі құлдырап, антирекордты жаңартты

Сауалнамаға қатысқан америкалықтардың айтуынша, ол өзіне жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде орындай алмай жатыр

АҚШ Президенті Джо Байденнің рейтингі құлдырап, антирекордты жаңартты
РБК

USA Today және Саффолк университеті бірлесе өткізген сауалнаманың нәтижесіне сәйкес, АҚШ президенті Джо Байденді қолдайтын америкалықтардың саны азаюда және қазір 38%-ды құрайды. Байденнің рейтингі бірнеше апта қатарынан төмендеуде. Бұған дейінгі Harvard CAPS-Harris Poll орталығы жүргізген сауалнамаларда, яғни қыркүйек айында бұл көрсеткіш 48%-ды құраса, қазан айында 43%-ға дейін төмендеген.

Соңғы зерттеуге сәйкес, америкалықтардың 46%-ы Байден президент ретінде өз міндетін тиісті деңгейден нашар орындауда деп бағалаған. Бұлардың арасында 16%-ы Байденге сайлауда дауыс бергендер екен. Респонденттердің 64%-ы «Байден 2024 жылы сайлауға қайта түспеу керек» деп есептейді.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, экс-президент Дональд Трампты келесі президент сайлауында кандидат ретінде көргісі келмейтіндердің үлесі 58%-ды құраған. Яғни, Байденге қарағанда Трампқа антипатия білдірушілер 6 пайызға аз.

Сауалнама Байден партияластарының (демократтар) Вирджиния штатындағы үлкен жеңілісінен кейін өткен. 2009 жылдан бері демократтар басқарып келген штатта бұл жол сайлауды республикалық кандидат жеңіп, губернатор атанды.

Демократтар үшін бұл өте ауыр соққы болды. Сайлауға дейін олардың кандидаты барлық сауалнамада көш бастап келген болатын. Алайда сайлау күні жақындаған сайын республикалықтар және демократ кандидаттардың арасындағы айырма қысқара бастаған.  

Айта кетерлігі, сауалнама 6 қарашада АҚШ Конгресі Байден ұсынған жалпы сомасы $1 трлн құрайтын инфрақұрылымдық жоспарды бекітпес бұрын жүргізілген. Тамыз айында бұл бастаманы Сенат бекіткен болатын. Енді құжатты Байден бекітуі қажет.

Аталған жоспар Байденнің сайлауалды бағдарламасының бір бөлігі болған. Жаңа жоспардың аясында жаңа мектептер, әуежайлар, жолдар, интернет сапасын жақсарту, жасыл технологияларды дамыту, коммуникациялық жүйені жаңарту көзделген. Ескере кету керек, бастапқы кезде жоспардың бюджеті $2 трлн құраған болатын. Кейін ол екі есеге қысқарды

Сарапшылардың айтуынша, сауалнаманы жоспар бекітілгеннен кейін жүргізгенде нәтижелері өзгеше болуы әбден мүмкін еді. Бірақ бұл кері тренд жалғаса ма, әлде оң нәтиже көрсете ме, оны желтоқсан айындағы сандар көрсетеді дейді мамандар.

Рим қаласында өткен G20 саммиті барысында Джо Байден өз рейтингінің рекордтық төмендеуі жайлы пікір білдірген болатын. Байден әлеуметтік сауалнамалардың нәтижелеріне мән бермейтінін айтқан. Рейтингтер кейде көтерілетінін, ал кей жағдайда түсетінін айтқан президент, өзінің рейтингі бірнеше құбылғанын және алдағы уақытта да бірталай өзгеретінін жеткізген. 

«Бұндай жағдай барлық президенттің басынан өткен», - деді Байден өз сөзінде.

Серіктес жаңалықтары