Биыл Қазақстаннан 25 мыңнан астам адам көшіп кетті
Ал жеті мыңнан астам адам көшіп келді
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша Қазақстаннан биыл 25 мыңнан астам адам көшіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 7246 адамды, елімізден кеткендердің саны 25322 адамды, көші-қонның айырымы 18076 адамды құрады.
«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 84,2% және 86,0% құрады.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2020 жылғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда 0,2%-ға артты. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды: Алматы (22346 адам), Нұр-Сұлтан (21718 адам), Шымкент (9568 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (248 адам)», - делінген ведомство хабарламасында.