«Қазақстанның геосаяси позициясының нығаюына оң әсер етеді»: Түркі мемлекеттері ұйымы туралы сарапшылар пікірі
Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші Саммитінің декларациясы қабылданып, «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы шешім қабылданды
Ыстанбұлда түркі елдері мемлекет басшыларының қатысуымен өткен саммит аяқталды. Енді түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталады. Алқалы жиынға Қазақстан басшысмы Қасым-Жомарт Тоқаев, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Ал Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан бақылаушы ретінде барды. Ортақ мүддесі бар түркі елдерінің саясаткерлері жаңа ұйымның құрылуын түркі әлемінің даму тарихындағы жаңа дәуір деп бағалады.
Осы саммитке қашықтан үндеу жолдаған Қазақстанның бұрынғы Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл – жаңа блок емес, қызметі БҰҰ Жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік», - деді.
Ыстанбұлда қабылданған шешімдер бауырлас мемлекеттердің көпқырлы ынқтымақтастығын жандандыруға ықпал ете ме? Жаңа ұйымға негізгі державалардың көзқарасы қандай? Түркі әлемі қайта жанданып ежелгі түркі шаңырағына жататын елдердің өзара белсенді жақындасу үрдісі қалай жүреді? Ал кеңес неліктен бірден одаққа айналып кеткен жоқ? Ұйым ретіндегі миссиясы қандай болмақ? Бұл сұрақтардың жауабын саяси сарапшылардан сұрап көрдік...
«Ұйым түркітілдес елдердің кейбір позициясын Мәскеу алдында нығайтуға ықпал етеді»
Саясаттанушы Әзімбай Ғали түркілердің бірігуі жақсы, бірақ тым оптимист болудық қажет жоқ екенін айтады. Бұл әскери блок емес, мемлекеттердің одақтастығы да емес. Десе де, белгілі бір деңгейде Қазақстанды қоршап тұрған державаларға бұл сабақ болады және Қазақстанның геосаяси позициясының нығаюына оң әсері бар. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз, деген пікір айтады.
«Тым оптимист болудың қажеті жоқ. Яғни қатты сеніп қалуға болмайды. Жалпы, бұл ұйымның белгілі бір құрал ретінде геосаясатта әсері болуы мүмкін. Әсіресе Ресейге қарсы Түркияның белгілі жігерлі позициясы бар. Сондықтан Қазақстанның егемендігін және оның мүддесін қорғауға белгілі бір ықпалы болады. Ендеше бұл ұйым құру әрекеті өзін ақтайды деуге болады. Уақыт өте келе Ресейдің халықаралық позициясы, экономикалық позициясы әлсірей береді, бұл анық. Тиісінше Қазақстанның геосаяси позициясы, егемендігі нығая береді. Түркияның дәп қазір белгілі бір позитивтік әсерін егемендікті кеңейтуге пайдалануымыз керек», - дейді Ә.Ғали.
Оның пікірінше, Түркияның өзге түркітілдес елдерге өктемдігін жүргізуі мүмкін деген болжам айтылып жүр. Дегенмен, іс жүзінде ресми Анкара экономикалық мүддені ғана алға қояды дейді ол. Ал, Қазақстанды қолайлы халықаралық фактор ретінде қарастырады екен.
Ал, аталған ынтымақтастық бірлестікке одақ деген статус беру тиімді ме, әлде ұйым ба? Саясаттанушының пікірінше, қандай статус болмасын, одан оптимистік нәтиже күтуге әлі ерте. Дегенмен, Қазақстанның және өзге түркі тілдес елдердің кейбір позициясын Мәскеудің алдында нығайтуға, белгілі бір мүдделерді қорғауға, әсіресе егемендігін сақтауға, экономикалық мүдделерін алдыға жүргізуге септігін тигізеді.
«Иә, Мәскеудің қызғаныш позициясы барын білеміз. Ұлы державалық көзқарстарын жасыра алмайды. Бірақ оларға көнуге тура келеді. Десе де, Қазақстан Ресейден алыстап, бір жаққа көшіп кетпейтіні белгілі. Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы Түркиямен салыстырғанда әлдеқайда дамып кеткен. Сондықтан белгілі бір дәрежеде, экономикалық және геосаяси мүдделері де баршылық. Сол себепті тым алыс кете алмайды», - дейді Ә.Ғали.
Кеңес неге Одаққа айналмай қалды. Одан саяси астар іздеуге бола ма?
Ресми іс-шаралар басталмай жатып, кеңестің атауы «одақ» болып өзгеретіні туралы толассыз әңгіме болды. Бірақ түркі елдерінің VIII саммитінде бұрынғы кеңес ұйымға айналды. Саясаттанушы Расул Жұмалы түркі кеңесін түркі ұйымына айналдыру туралы жорамалдар әсіресе, эксперттік орталарда көп айтылды дейді. Басылымдар бұл бастама туралы да кеңінен талқылаған. Алайда, көп күткендей болған жоқ. Десе де, одақ емес ұйым ретінде қайта орныққанының өзі жаман емес, деп есептейді Р.Жұмалы.
«Түркі кеңесін құру туралы мәселе соңғы 30 жылдан бері көтерілгенін білесіздер. Бұған дейін түркілер бірігеміз дегенді жиырмасыншы ғасырдың басында алашордашылар да күн тәртібіне шығарғанын ұмытпайық. Жарайды. Ол кезеңге оралмай-ақ қояйық. Бірақ отыз жыл бұрын осы тақырып қайта қозғалғанда, сыртқы елдердің кері әсері болды. Кейбір ішкі жағдайларды айтпағанда Қытай, Ресей, тіпті Еуропа мемлекеттері «түркілердің бірігіп кетуін» қалаған жоқ. Ендеше түрлі кедергілерге қармастан қазір кеңес ретіндегі мекеменің халықаралық ұйым деңгейіне жеткені меніңше жаман емес.
Кеңестің ұйымнан ерекшелігі қандай? Бұл жерде ортақ мәселеде ортақ мәмілеге келу, бір шешімге келуге мүмкіндік ашады. Кеңесте уағдаластық немесе міндеттеме көбіне көтерілмейді. Жалпы декларация негізіндегі нәрсені айтып отырмын. Біз мынандай жобаны алдыға тартамыз, осыған келісесіңдер деген міндеттеме болмайды. Ал, ұйым бұл нақты шешімдерге итермелейді. Сонысымен жақсы. Әрине, кеңес деңгейінен бірден одақ деңгейіне көтеріліп кеткені өте жақсы болар еді. Бәрібір де бұның өзін жетістік деп бағалауымыз керек», - дейді Расул Жұмалы.
Үлкен державалардың ортасында отырған қазақ елі үшін түркілерге арқа сүйеу – заңдылық.
Қазақстанға бұдан келіп-кетер не пайда бар? Дәл осы сұрақты қырғыздар да, өзбектер де, ұйымға мүше өзге елдер де өздеріне қоюы мүмкін. Мұнда мәселе ұлттық мүддеден бұрын ортақ түркілік ұжымдық мәселелерді алға тартуымен ерекшеленуі тиіс. «Тек мен алып қалайын» деп емес, бәріне ортақ бұл ұйымға біз не бере аламыз деген қағида болуы шарт.
Қазақстан мүше болып отырған өзге де ұйымдар мен одақтар бар. Еуразиялық одақ, Ислам конференциясы ұйымы, Шаңхай ынтымақтастық ұйымы сияқты алаңдарда Қазақстанның дауысы қатты шыға бермейді дейді саясаттанушы. Ал, кеше құрылған ұйымда біздің елмен санасатын болады.
«Мысалы Еуропа бізді өзіне тең санамайды. Ресей де тең құқылы деп қабылдай алмай келеді. Қытай да осы сияқты көзқараста. Ендеше бізбен санасып, тең дәрежеде саясат жүргізетін осы Түркия және түркі елдері. Сол себепті алыс-беріс болады. Бірақ, бір өз пайдасын ойлап қана отыру, оның ғұмыры ұзаққа апармайды. Айналып келгенде, Қазақстан бір қиын ортада, қыспақта отырғаны белгілі. Осындай алып күштердің арасында отырған қазақ елі үшін осы түркі ағайындарға арқа сүйеу – заңдылық.
Байқасаңыз, екі күн өтті. Конференция аяқталды. Бірақ бірде бір мемлекет, оның ішінде одақтас деп жүрген Ресей болсын, мына жақтағы Қытай, арысы Еуропа мен АҚШ бұл жиынға назар аударып, БАҚ-тары тұщымды бір ақпарат таратқан жоқ. Ақпарат агенттіктері осы кеңес болды деген өте қысқаша мәліметтермен шектелді. Сонымен тәмам. Мұның өзі жақтырып отырған жоқ деген сөз. Түркі баласының біріккенін олардың құптамайтыны анық. Түркі әлемінің бірігуі өздеріне бір қарама-қарсы деп ұқса да, біз бұған қаймықпауымыз керек. Қазақстанның өз жолы бар, тәуелсіз мемлекет. Ол Өзбекстан, Қырғызстан және өзге туыс халықтардың мемлекеттерімен әлеуетін біріктіре отырып, алға жылжитын болады. Егер алпауыт мемлекеттер ақпараттық шабуыл жасап, ел ішінде іріткі салуға әрекет етсе де, дербес мемлекет ретінде қаймықпай, өз саясатымызды жүргізе беруге міндеттіміз», - дейді Р.Жұмалы.
P.S. Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші Саммитінің декларациясы қабылданып, «Түркі әлемінің келешегі-2040» туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта түркі әлемінің бірлігіне қосқан үлесі үшін Әлішер Науаи атындағы халықаралық сыйлық тағайындалады. Түркі мемлекеттері ұйымы Бас хатшысының өкілеттік мерзімін ұзарту және Бас хатшының орынбасарларын тағайындау туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ түркі мемлекеттері ұйымының Құрметті төрағасының құқықтары туралы ереже қайта қабылданбақ. Айта кету керек, 2019 жылы қазанда ұйымның өмір бойғы құрметті төрағасы мәртебесі ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген. Ал, Бағдат Әміреев 2018 жылдан бері ұйымның бас хатшысы қызметін атқарып келеді. Ұйымға мүше мемлекеттердің президенттері жылына 2 рет кездеседі.