$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.10.2021, 16:31
Саясат

Сәуле Омарованың кандидатурасы АҚШ элитасы мен медиасында дау туғызды

Белгілі саясаткерлер мен жетекші медиа құралдары Сәуле Омарованы коммунистік және большевик құндылықтарын «бойына сіңірген» маман деп жазып жатыр

Сәуле Омарованың кандидатурасы АҚШ элитасы мен медиасында дау туғызды

Қыркүйек айының аяғында АҚШ президенті Джо Байден Қазақстан тумасы Сәуле Омарованы елдің валюта басқармасы басшысы қызметіне ұсынған еді. Бұған дейін ол Корнелл университетінде профессор қызметін атқарып келген. Егер Сенат оның кандидатурасын бекіткен жағдайда, Қазақстан тумасы академиялық саладан ықпалды саяси қызметке ауысуы мүмкін. Бұл қызмет – елдегі банк жүйесін реттейтін ең ықпалды құрылым.   

Аталмыш ұйым ақша айналымын бақылаушы басқарма. Бұл басқарманың негізін 1863 жылы Авраам Линкольн қалаған, ал қазіргі таңда құрылымда 4 мыңға жуық маман қызмет атқарады. Ал басқарманың жиынтық активі 15 триллион долларға жуықтайды. Сәуле Омарова Сенаттың сынағынан сүрінбей өтсе, ол 158 жылдық тарихы бар ұйымды басқаратын тұңғыш әйел және азиат болмақ.

Алайда, бұл жаңалық америкалықтардың бәрінің көңілінен бірдей шыққан жоқ. АҚШ қоғамы, медиасы мен саясаткерлері Омарованы қызу талқылап, оны сынның астына алды. «Ақ үй Уолл-стрит сыншысына көз тігуде», «Радикал коммунист», «Большевик кандидат», «Банк жүйесін құлдыратушы» деген сарында беделді басылымдар мақалалар арнап, телеарналарда репортаждар шығып жатты. Ал, АҚШ сауда палатасы, банк қауымдастықтары Омарованың кандидатурасына ашық қарсы шықты. Олардың қатарында республикалық партияның беделді сенаторлары да бар.

Солардың бірі – Техас шататынан сайланған сенатор, АҚШ президенттігіне экс-кандидат Тед Круз. Өзінің Twitter желісінде жариялаған жазбасында ол Сәуле Омарованы АҚШ экономикасына төнген үлкен қауіп деп атады.

«Ол мемлекеттің банк жүйесіне толықтай енгенін қалайды, банктерді мемлекеттің қарамағына көшіруді көздейді және дәстүрлі банк жүйесін түбегейлі жойғысы келеді», - деді Тед Круз.

Байденнің бұл шешімін естіген ықпалды республикалық партия өкілі, сенатор Пэт Туми де тасада қалмады. Пенсильвания штатының өкілі Сәуле Омарованың көзқарасы және оның тағайындалуы АҚШ-тағы қаржы институтының құлдырауына әкелуі мүмкін деген пікір білдірді. Сын айтып қана қоймай, Туми ресми түрде Омаровадан Мәскеуде жазған дипломдық жұмысын ұсынуды сұраған. Естеріңізге сала кетейік, Омарова – мектеп бітіргеннен кейін лениндік стипендияның иегері атанып, жоғары білім алуға Мәскеуге аттанған болатын. Мәскеу мемлекеттік университетінен бакалавр дәрежесін алып, кейін білімін одан әрі жетілдіру үшін АҚШ-қа, яғни Висконсин штатына аттанған.

Өзінің Омароваға жолдаған хатында Пэт Туми 1980-жылдардың аяғында жазылған еңбектің мазмұнымен танысқысы келетіндігін жеткізген. 

«Құрметті Омарова ханым! Сенаттың Банк, тұрғын үй және қалаларды дамыту бойынша комитеті кез-келген кандидаттың жоғары қызметке сәйкестігін тексеру мақсатында оның жазған кітаптары, мақалалары және тағы да басқа жарияланған еңбектерін тапсыруды талап етеді.

Осы орайда, хатым арқылы өзіңіз ММУ қабырғасында жазған "Карл Маркстің экономикалық сараптамасы және "Капиталдағы" революция теориясы" атты дипломдық жұмысыңыздың көшірмесін ұсынуыңызды сұраймын.

Еңбегіңіз 1980-жылдардың аяғында ММУ-де жазылғандығын ескерер болсақ, оның орыс тілінде болуы заңдылық, сондықтан ол ағылшын тіліне аударманы қажет етеді. Аудармаға және комитет мүшелерінің еңбекпен танысуға қажет уақытын ескеріп, біз сізге өткен айда хат жолдаған болатынбыз. Алайда, әлі күнге дейін ешқандай жауап алмадық», - деп жазды Туми.

Сөз соңында сенатор дипломдық жұмыстың орыс тіліндегі нұсқасын тапсыруын сұрап, қазанның 31-не дейін уақыт беретінін айтқан.


Fox Business арнасындағы Пэт Тумидің қатысуымен болған кешкі эфирден

Тумидің әріптесі, республикалық партия мүшесі Патрик МакХенридің айтуынша, «Президент Байден Сәуле Омарованы тағайындау арқылы өзінің жақтастарының мүддесін ғана көздеуде». «Мен Сәуле Омарованы валюталық жүйенің басты миссиясы – біздің қаржылық жүйеміздегі тәуекелдерді үйлестіру мен басқару міндетінен гөрі мәселелердің артынан кетіп қалады деп қатты алаңдаймын».

Омарованы сынаушылардың басым бөлігі оның ғылыми қызметі мен көзқарасынан бөлек, шығу тегіне де шабуыл жасауда. Нақтырақ айтар болсақ, оның КСРО-да дүниеге келгенін және өзінің бұрынғы Отанына қатысты пікірлерін «еске салуда».

Консервативті FreedomWorks ұйымы Омарованы «Кеңес Одағының экономикалық моделін жақтаушы» деп атайды.

2019 жылы Омарова бұрынғы КСРО-ға қатысты қолдау білдіріп, ол мемлекетте «ер мен әйелдердің алатын жалақыларында айырмашылық болмаған деген сарында туит жазған болатын.

«Мен Кеңес Одағында ерлер мен әйелдер барлық салада тең дәрежеге ие болған деп айтқан емеспін. Бірақ азаматтардың алатын жалақы мөлшерінде (мемлекет анықтайтын) адамның гендері рөл ойнамайтын және барлық әйел мемлекет тарапынан қомақты жәрдемақы алатын. Бұл нәрселер біздің қоғам үшін (АҚШ) әлі де болса арман!», - деді Омарова.

Ықпалды саясаткерлердің арасында Омарованы қолдайтындар жоқ деуге де болмайды. Кандидатты қолдаушылар қатарында демократтар бар. Президенттікке экс-кандидат, сенатор-демократ Элизабет Уоррен алғашқы күннен бастап Қазақстан тумасын қолдап келеді. Ол Байденнің шешімін «керемет жаңалық» деп атап, республикалықтардың шабуылына жауап ретінде «олар (республикалықтар – авт.) Омарованың банк саласында бай тәжірибесі мен біліктілігі жайлы үн қатпай, жиіркенішті шабуылдар жасауға мәжбүр», - деген болатын.

Осыған ұқсас ойды демократарға жақын The Washington Post газетінің колумнисті Хелен Олен білдірген. Өзінің мақаласында автор Омароваға қарсы кампания және әр тараптан болып жатқан шабуылдың оның тәжірибесіне және біліктілігіне еш қатысы жоқ дейді. «Сәуле Омарова – иммигрант әйел және ақ нәсілділерден емес. Ол КСРО-да дүниеге келген. Прогрессивті саясаткерлер бұл әйелді қолдаудың орнына, оның КСРО-да алған білімін негізгі тақырыпқа айналдырды. Бірақ оның елдегі банк жүйесін реформалауға бағытталған жаңашыл идеялары жайлы ешкім тіс жармады», - дейді автор.

Егер де Сенаттағы тыңдаулар барысында Омарованың кандидатурасына республикалықтардың басым бөлігі қарсы шықса, оған демократтардың қолдауы қажет болады. Алайда, демократтардың барлығы Уоррен сияқты қолдаушылар қатарынан емес. Саясаттанушылардың болжамына сүйенсек, Омарованың жаңа қызметке тағайындалу мүмкіндігі 35%-ды құрайды.

Мұса Қуандық

Серіктес жаңалықтары