«Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ!»: Президент Пенжімдегі оқиғаға қатысты пікір білдірді
«Бірақ арандатушылар оқиғаны басқаша сипатта көрсетуге тырысты», – деді Президент
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысы Екібастұз қаласында өткізген моноқалаларды дамыту жөніндегі республикалық кеңес барысында Алматы облысының Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға тоқталып, бұл жерде ешқандай этносаралық жанжал болмағанын айтты. Бұл туралы Ақорда сайтында жарияланды.
Президенттің айтуынша, бұл жай ғана мектепте болған төбелес.
«Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылығық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау және нығайту мәселесіне назар аударған Мемлекет басшысы оқиғаны басқа сипатта көрсеткен арандатушыларға қатысты еш әрекет жасалмағанын атап өтті.
«Елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай араңдатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай араңдатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек, – деді Президент.
Айта кетейік, күні кеше үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы ІІМ ӘПК ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының бастығы Әсет Оспанов Пенжімдегі оқушылар арасындағы жанжал ұлатаралық негізде орын алғанын айтқан болатын.