Сенат Каспий теңізін ластанудан қорғау жөніндегі Заң жобасын қабылдады

Хаттаманың бағыттары ең озық қолжетімді технологияларды пайдалануға ықпал етеді

Сенат Каспий теңізін ластанудан қорғау жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы Заң жобасын қабылдады. Бұл туралы Жоғарғы палатаның корпусында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Мінберде баяндама жасаған Экология министрі Серікқали Брекешев Каспий теңізіндегі көмірсутек шикізатының ірі қорларының болуы су айдынының экологиясы мен биоресурстарын сақтау туралы мәселесі өзекті екенін алға тартып, аталған хаттаманың маңыздылығына тоқталып өтті.

«Хаттаманың негізгі мақсаты – Каспий теңізінің экологиялық таза теңіз ортасына қол жеткізу және сол қалпында сақтау үшін жер үсті көздерінен және құрлықта жүзеге асырылатын қызметтер нәтижесінде теңіз ортасының ластануын болдырмау, бәсеңдету, бақылау және барынша мүмкін болатын апаттарды жою болып табылады», - деді Серікқали Брекешев..

Хаттаманың бағыттары ең озық қолжетімді технологияларды пайдалануға ықпал етеді. Сондай-ақ, Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының физикалық, биологиялық және химиялық сипаттамалары жөніндегі деректер базасын құрылады. Ал теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйіне тұрақты бағалау жүргізіліп отырады.

Каспийдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде 2003 жылы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік Конвенциясы қабылданды.

«Конвенцияға сәйкес Тараптар өздерінің ұлттық заңнамасы бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалауды қоса алғанда, Каспий теңізінің теңіз ортасын және жағалау маңындағы аудандарын ластанудан қорғау үшін қажетті іс-шараларға жергілікті билік органдары мен жұртшылықтың қатысуына ықпал етеді. Сондай-ақ, әрбір Тарап қоғамның Каспий теңізінің теңіз ортасы мен жағалау маңындағы аудандарының жай-күйі туралы ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетеді», - деді министр.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.