Мемлекет басшысы 2022 жылды «ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы» деп жариялады
Бұл халықтарды одан әрі жақындастыруда маңызды рөл атқарады
Келер жылы ТМД елдері арасында 100-ге жуық мәдени іс-шаралар өткізілмек. Олар бірнеше саланы қамтитын болады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі өткен ТМД елдерінің Мемлекет басшылары кеңесінің отырысында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық бағыт тарихи байланыстарды сақтауда және халықтарымызды одан әрі жақындастыруда дәстүрлі түрде маңызды рөл атқарады.
«Осыған орай біз 2022 жылды «ТМД халық шығармашылығы және мәдени мұра жылы» деп жарияладық. Оны өткізу жоспары тарихи байланыстарды сақтауға, мәдениет, туризм және спорт саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған 100-ге жуық іс-шараны қамтиды. Бұған дейін қабылданған бағдарламалық құжаттарды сапалы іске асыру да осы саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге қызмет етеді», - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, өз сөзінде Президент Молдова халқын 2023 жылы Достастықтың мәдени астанасы ретінде Комрат қаласының таңдауымен құттықтады.