Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдеріне Ауғанстанға көмек көрсету үшін логистикалық хаб құруды ұсынды

Мемлекет басшысы Қазақстан БҰҰ ұстанымын қолдайтынын атап өтті

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдеріне Ауғанстанға көмек көрсету үшін логистикалық хаб құруды ұсынды
Фото: akorda.kz

Сыртқы шекаралардағы қауіпсіздікті нығайтып, терроризмге, діни экстремизмге және есірткі саудасына жол бермеу мәселелеріне ерекше ден қою керек. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің басшылары кеңесінің отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Президенттің айтуынша, бүгінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық тетіктерін барынша жетілдіру қажет.

«Біздің осы саладағы өзара іс-қимылымыздың негізгі бағыттары әскери ынтымақтастық тұжырымдамасында, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі сыртқы шекараларда қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бағдарламада белгіленген. Жүргізіліп жатқан жұмыстарда терроризмге, діни экстремизмге және есірткі саудасына бірлесіп қарсы тұру мәселелеріне ерекше назар аудару керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан БҰҰ ұстанымын қолдайтынын атап өтті. Себебі Ауғанстандағы ауыр гуманитарлық жағдай бүкіл халықаралық қоғамдастықтың назарында болуы керек.

Тоқаев әр елдің саяси көзқарасы мен жеке сенімі қандай болмасын, ТМД елдері Ауғанстанды мұндай жағдайда жалғыз қалдырмау керектігін айтты. Бұл ретте ауған халқына әсіресе гуманитарлық көмек жіберудің маңызы зор болмақ. Мемлекет басшысы Қазақстан қазірдің өзінде азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тауарларды жеткізуге кіріскенін мәлімдеді.

«Осы жұмысты жүйелеу мақсатында Ауғанстанға халықаралық гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі логистикалық хаб құруды ұсынамыз. Дағдарыстың өткір кезеңін еңсергеннен кейін Ауғанстанға БҰҰ институттары тарапынан одан әрі жүйелі қолдау қажет болатыны анық. Бұл маңызды міндетке Алматыда БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы біздің ұсынған бастамамыз жауап береді. Жоспарды жүзеге асыруға достастық елдері көмектеседі деген үміттеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.