$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.10.2021, 16:58
Саясат

Ерболат Досаев инфляцияны болдырмау жөніндегі шаралар туралы есеп берді

Президент Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Ерболат Досаев инфляцияны болдырмау жөніндегі шаралар туралы есеп берді

Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты қабылдады. Мемлекет басшысына Ұлттық банк төрағасының биылғы 9 ай ішіндегі ақша-несие саясатын жүзеге асырудың алдын ала қорытындылары туралы, әлемдік экономиканы қайта қалпына келтірудің қарқыны және оны пандемияға дейінгі деңгейге жеткізу, сондай-ақ дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-несие саясатын күшейтуге көше бастағаны жөнінде есеп берді. Бұл туралы Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ерболат Досаев Президентке қыркүйек айында жылдық инфляцияның 8,9 пайызға дейін қарқын алғаны жайында баяндады. Айлық инфляцияның артуына ақылы қызметтер, соның ішінде, ең алдымен білім беру және тұрғын үйлерді жалға алу салалары үлкен үлес қосты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ұлттық банктің Үкіметпен бірлесіп жүзеге асырып жатқан инфляцияға қарсы кешенді шаралары және инфляцияны болдырмау жөніндегі монетарлық саясаттың негізгі бағыттары туралы мәлімет берілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қатысты баға биылғы тамыз айындағы 10,4 пайыздан қыркүйекте 9,6 пайызға дейін төмендегені атап өтілді.

Ұлттық банк төрағасының мәліметі бойынша шикізат тауарлары бағасының қымбаттығына, тұтынушылар тарапынан туындаған шектеулерге байланысты әлемдегі тұтыну бағалары ең жоғары деңгейде сақталып отыр. Кездесу барысында жыл соңына дейін және 2022 жылға арналған энергия тасымалдаушылар бағасына қатысты болжамдар ұсынылды.

Президентке Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі, сондай-ақ валюта нарығындағы ахуал жөнінде баяндалды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Ұлттық төлем жүйесін дамытудың және цифрлық биометриялық сәйкестендірудің ұлттық платформасын құрудың алдын ала нәтижелері туралы мәлімет берілді.

Серіктес жаңалықтары