ҚР Президенті ұшақ апаты кезінде көмек көрсеткен тұрғындар мен қан тапсырған донорларға алғыс айтты
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы түбінде болған ұшақ апаты кезінде зардап шеккендерге бірауыздан көмек көрсетіп, қолдау білдірген тұрғындар мен қан тапсырған донорларға алғыс айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қиын сәтте құтқарушыларға көмек қолын созған Алматы облысы Гүлдала ауылының тұрғындарына алғыс айтамын. Олар тамақ дайындап, ыстық шай таратты. Алматылық донорларға көп рахмет. Халқымыз тағы да қиын сәтте ауызбіршілігін, әрқашан жәрдем беруге әзір тұратындарын көрсетті», - деп жазды Қ: Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында.
Еске салсақ, Алматы іргесінде Bek Air авиакомпаниясының ұшағы апатқа ұшырағаннан кейін Гүлдала ауылының тұрғындары құтқарушыларға тамақ дайындап берген болатын. Ал Алматыдағы қан орталығында зардап шеккендерге донор болып, қан тапсыруға кезекке тұрғандардың санында қисап болмаған.