Тәліптер ер адамдарға сақал қыруға тыйым салды
Елде ер адамдарға арналған сұлулық салондары мен барбершоптар жабылған

Ауғанстан билігін басып алған «Талибан» радикалды қозғалысы ер адамдардың сақалын қырып, барбершоптарға баруына тыйым салды. Олардың айтуынша, бұл шарт шариғат талаптарына сай жасалып отыр. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
Оңтүстік Гильменд провинциясының Ақпарат және мәдениет бөлімінің басшысы Хафиз Рашид Гилмендидің айтуынша, ауған жерінде музыка әуендерінің ойналуына да тыйым салыныпты.
Осыған дейін жергілікті БАҚ Ауғанстан аумағында ер адамдарға арналған сұлулық салондары мен барбершоптар «Талибан» талаптары бойынша жабылғанын хабарлаған.
Тәлібтер билік құрған 1996-2001 жылдары Ауғанстанға қатаң тәртіп қойған болатын. Сол жылдары заманауи әндердің қойылуына, фото-видео түсіруге тыйым салынған. Ал аудио және видеомагнитофондарды жойып жіберген. Бұған қоса жергілікті халыққа ұлттық киімдер киюді (әйел адамдарға қара түсті, ер адамдарға ақ түсті) міндеттеген. Ер адамдарға сақал қою да міндет болған.
Айта кетейік, биыл 15 тамызда Ауғанстан президенті Ашраф Ғани отставкаға өз еркімен кетіп, елден қашқан. Ал Талибан ел астанасына еш қарсылықсыз кірді. Тәліптер 6 қыркүйекте бүкіл Ауған территориясына бақылау орнатылғанын мәлімдеді, 7 қыркүйекте уақытша үкіметтің құрамын жариялады.