$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.09.2021, 18:57
Саясат

Ауғанстандағы қазақтарды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз - Тоқаев

Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Ауғанстандағы қазақтарды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз - Тоқаев
Фото: akorda.kz

Ақорда резиденциясында он мемлекеттің жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті.

Сенім грамоталарын Мемлекет басшысына Эстония елшісі Тоомас Тирс, Әзербайжан елшісі Агалар Атамогланов, Испания елшісі Хорхе Урбиола Лопес де Монтенегро, Ұлыбритания корольдігі мен Солтүстік Ирландия елшісі Кэтрин Джейн Лич, Румыния елшісі Мэдэлина Лупу, Италия елшісі Марко Альберти, Германия елшісі Моника Иверсон, Бельгия елшісі Анри Вантигем, Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы, елші Кестутис Янкаускас, Қырғызстан елшісі Дастан Дюшекеев табыстады.

Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтады. Президент олардың тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі достас халықтардың әртүрлі салалар бойынша ынтымақтастық орнатуына ықпал етеді деген сенімін жеткізді. Мемлекет басшысы Президент әкімшілігі мен Үкімет елшілердің миссиясын жоғары деңгейде орындауына қолдау көрсететінін айтты.

Қазақстан Президенті елшілер алдында сөйлеген сөзінде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктеріне тоқталды.

«Биыл біз Қазақстан тәуелсіздігінің отыз жылдығын атап өтеміз. Бұл – біз үшін маңызды кезең. Осы жылдар ішінде еліміз ішкі тұрақтылығымен, экономикалық өсімімен және сыртқы саясаттағы орнықты ұстанымымен танылды. Биылғы Жолдауымда экономикалық реформалар туралы жан-жақты айттым. Сонымен қатар демократиялық құндылықтарды, адам құқықтарын және заң үстемдігін ілгерілетуге бағытталған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы еліміздің Covid-19 пандемиясымен күрес кезінде халықаралық серіктестерімен ынтымақтастығын атап өтті.

«Қазіргі уақытта адамзат Covid-19 пандемиясынан медициналық, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстан зардап шегуде. Бұл халықаралық жүйенің ғаламдық төтенше жағдайларға қаншалықты дайын емес екенін көрсетті. Пандемиямен күресте Қазақстан өзінің жаһандық серіктестерімен ынтымақтастықтың арқасында Ресейден, Қытайдан және АҚШ-тан вакциналар жеткізуді қамтамасыз етіп келеді. Еліміз тиімді, ең бастысы, қауіпсіз вакцина жасап шығарды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сертификатын алғаннан кейін біз оларды шетелдерге жеткізе аламыз. Пандемия, жаппай қырып-жою қаруының таралуы және климаттың өзгеруі сияқты ғаламдық қауіп-қатерлермен күресте күш біріктіргеніміз абзал. Ядролық қарудан азат әлем құру Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыты болып қала беретінін атап өткім келеді. Мен былтыр БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің аясында биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құруды ұсынып, жаһандық күн тәртібінің тағы бір өлшемін ұсындым», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты қабылданған шешімдер мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

«Ауғанстандағы шиеленіскен мәселелерді реттеу үшін Қазақстан шетелдік серіктестерімен тізе қосып жұмыс істеп келеді. Біз, ең алдымен, сол жердегі отандастарымызды ұйымдасқан түрде эвакуациялауды қамтамасыз еттік. Енді біз Ауғанстандағы қазақ диаспорасының мүшелерін, яғни қандастарымызды елге қайтару мәселесін қарастырып жатырмыз. Гуманитарлық ұстанымдарға сәйкес, ауғанстандық 57 студенттің білім беру визаларын ұзарттық. Сонымен қатар бортында шетел азаматтары бар ұшақтарға жанармай құю үшін транзиттік әуе дәліздері мен қону алаңдарын ұсындық. БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі агенттіктерінің қашықтағы уақытша кеңсесі Алматы қаласына орналастырылды», – деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары