$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.12.2019, 13:15
Саясат

Do you speak English: ағылшын тілін меңгерген саясаткерлер

Қазақстан  English Proficiency Index рейтінгінде 100 ел ішінде 93-орында

Аталмыш рейтингте Қазақстан 2016 жылы - 54, 2017 жылы - 68, 2018 жылы - 80 орында болған. Демек, елде ағылшын тілін меңгеру деңгейі жылдан жылға құлдырап барады.  Тізімде Нидерланды 1 - орында. Ресей -48, Украина - 49, Қырғызстан - 99, Латвия – ең соңғы 100 орында. Әрине, сырт елдің  зерттеу институты жариялаған бұл мәлімет қаншалықты шындықққа жанасады, ол жағы беймәлім. «Аzattyq-ruhy» үш тұғырлы тіл саясатын қолдайтын шенеуніктердің ағылшынша сауатына тоқталады.

«Олимпик Геймс»: Ахметжанның ағылшыншасы

2011 жылы Алматы қаласының әкімі болған Ахметжан Есімов Азиада ойындарының жабылу салтанатында өз «ағылшыншасын» дүйім жұртқа паш етті.  Құттықтауды қағаздан оқыған әкімнің  «акценті»  ғаламторда біраз талқыланды. Есімов араға төрт жыл салып,  халықаралық жиында тағы шет тілінде «шеберлік» көрсетті. Яғни, 2015 жылы Куала-Лумпурдегі Халықаралық олимпиада комитетінде Алматы қаласын таныстыру кезінде ағылшынша баяндама оқыды. Осыдан кейін ресейлік Eurosport сайты Есімовтың ағылшынын Ресейдің бұрынғы Спорт министрі Виталий Муткомен салыстырып, материал жариялады. Мутко 2010 жылы ФИФА-ның атқару комитетінде ағылшынша сөйлеп, күлкіге қалған. Ал Есімов туралы Eurosport «Алматы әкімі өзі түсінбейтін мәтінді жаттап алған сияқты» деп жазды.  Қазір, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын басқаратын Есімовтің ағылшыншасы түзеліп кетуі бек мүмкін. Қалай дегенмен, Ұлттық компанияның 7 адамнан тұратын Директорлар кеңесінің үш мүшесі шетелдік.

Көрініп қалатын Көлгінов

Биыл Қазақстанға белгілі оратор, мотиватор Ник Вуйчич келіп,  мегаполистерде кездесу өткізді. Соңы бірі елордада өткен жиынға әкім Алтай Көлгінов қатысып, сахнада Вуйчичке деген алғысын ағылшын тілінде білдірді.  Көлгіновтің ағылшынша еркін көсілетінін көрсетіп қалған тұсы бұл ғана емес.  Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тұрғанда, шетелдік инвесторлармен аудармашының көмегінсіз тікелей тілдескен видеолары БАҚ-та тарап кетті. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ұлыбританиядағы Абердин университетінің магистрі.

Есімовтың жолын қуған Әбдібеков

2014-2017 жылдары Қарағанды облысында әкім болған Нұрмұхамбет Әбдібеков ағылшынша ежелеп оқып, есте қалған шенеуніктің бірі. Ол 2015 жылы халыққа есеп беру кездесуінде жұртқа бір жыл ішінде ағылшын тілін меңгеріп алам деп уәде берген еді. Сөйтіп, бір жылдан кейін өткен халықпен кездесуде ойын өзге тілде жеткізіп бақты. Шетелдік инвесторларға қарата айтылған сөзінде оларға алғыс білдіріп, Қарағанды облысында ақша салуға шақырды. Бірақ, Әбдібековтың «акценті» айқын еді.

Сауда министрі ағылшынша «саудаласады»

Жақында Қазақстанға Швейцария Президенті Ули Маурер келгенде Сауда министрі Бақыт Сұлтанов делегаттар алдында тек ағылшынша сөйлеген. Зер салып тыңдасаңыз акценті бар. Бірақ, министр не оқып отырғанын түсініп отырғанға ұқсайды. Министрдің баспасөз хатшысы да басшысының ағылшын тілінде еркін сөйлей алатынын, шетелге жасаған сапарларында ағылшынша көсілетінін айтып бақты. Дегенмен, Сұлтановтың деңгейі Advance-тан әлі алыс екенін аңғару қиын емес.  Бір айта кетері,  Бақыт Сұлтанов кей шенуеніктер секілді шетелде оқымаған. Қазақ ұлттық техникалық университеті мен қазақ мемлекеттік басқару академиясының түлегі.

Мәсімов және «Wonderful world»

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы полиглот шенеуніктердің бірі. Ол қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен бөлек, араб, қытай тілдерін де меңгерген. Премьер-министр кезінде BBC сынды әлемдік телеарналарға ағылшын тілінде еркін сұхбат беретін. Бірақ, оның да «акценті» анық байқалады.  Мәсімов 2015 жылы Қытайға ресми сапармен барғанда екінші бүкіл-әлемдік интернет конференциясында өз баяндамасын қытай тілінде жасаған еді.  Осы кезде залда отырғандар бірнеше рет шапалақ ұрып, қошемет көрсеткен. Конференцияға қатысқан Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан үкіметтерінің басшылары  орысша баяндама жасаған-тын. Айтпақшы, Қауіпсіздік комитетінің төрағасы татарша да еркін сөйлей алады. Ол қабілетін Мәсімов 2015 жылы Татарсан Президентімен кездесуінде паш еткен. Мәсімов араб тілін Ресейдің Патриса Лумумба халықтар достығы университетінде оқыған. Ал Қытай тілін Пекин тіл институтында меңгеріп, екі жыл Қытайдың Ухань заң университетінде тәжірибеден өткен. Бұдан бөлек Тұрар Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінде оқыды. АҚШ-тың Колумбия университетінде тәжірибеден өтеді. Қазақ мемлекеттік басқару академиясында аспирантураны аяқтап, Мәскеу мемлекеттік технологиялық академиясында докторлық дәрежесін қорғаған.

Джорджтаун түлегі

Қазақ шенеуніктерінің ішіндегі ағылшын тілін жетік меңгергендердің бірі, тіпті үздігі  «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушы директоры Қайрат Келімбетов. Оның деңгейін 2015 жылы АҚШ-тың Bloomberg телеарнасына теңгені еркін айналымға жіберу, ЕЭО туралы берген сұхбатынан байқауға болады. Ол  осы тұста Ұлттық Банк төрағасы болған. Келімбетов ағылшын тілін академиялық деңгейде меңгерген лауазымды тұлғалардың бірі, АҚШ-тың Джорджтаун университетінің түлегі.

Айтпақшы,  үш тұғырлы тіл саясатаның бастамашысы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та кей кездесулерде ағылшынша сөйлеп тұрады. Оның, әсіресе жақында Испанияның бұрынғы королі Хуан Карлос біріншімен телефонмен сөйлескен бейнесі кең тарап кетті. Бұл видео әлемдік теннис жұлдыздары Новак Джокович пен Рафаэл Надальдің Қазақстандағы қайырымдылық матчы алдында жазылған.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары