Бельгия соты Қазақстанды кәсіпкер Статиге $540 млн беруге міндеттеді
Сот Қазақстанның түсірген барлық шағымын қанағаттандырмаған

Бельгия соты Қазақстанның мемлекеттік активінен молдаван олигархы Анатолий Статидің пайдасына 540 миллион доллар өндіруге шешім шығарды деп хабарлайды ҚазТАГ.
«Брюссель соты Ascom Group SA компаниясының Қазақстан Республикасына қарсы ісін қарай отырып, оның пайдасына $540 миллион өндіруге шешім шығарды», - делінген аталған хабарламада.
Белгілі болғандай, сот қазақстандық тараптың аталған шешімге қарсы түсірген бүкіл шағымын қанағаттандырмай, кәсіпкер Статидің тарабына сот шығыны ретінде тағы 36 мың еуро беруге міндеттеген.
Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін 540 млн долларды Стати 2020 жылдың соңына дейін алып бітеді деп күтілуде.
Айта кету керек, аталған шешім шығардан бір күні бұрын Люксембургтың апелляциялық соты да Қазақстанның бұған дейін түсірген шағымдарын қанағаттандырмай тастады.
Еске салайық, молдавиялық әкелі-балалы кәсіпкерлер Анатол мен Габриэль Стати Қазақстанға қарсы 2010 жылы сотқа шағым түсірген болатын. 2013 жылдың желтоқсан айында Швецияның арбитраждық соты Қазақстанды инвестордың құқығын қорғай алмай, халықаралық құқықты бұзды деп шешім шығарды және 500 миллион доллар көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді.
Осыдан кейін 2017 жылы Ұлттық қордың активтерімен жұмыс істейтін Bank of New York Mellon банкі Қазақстанның Ұлттық қорындағы 22 млрд долларын бұғаттап тастады.