Каирде көз жұмған дипломаттың әйелі тергеудегі шикіліктер жайлы айтты
Каирден Еламан Жолдасовтың денесі екі күн ішінде туған жеріне жеткізілетін болады. Бұл туралы елшілік қызметкерінің жары Azattyq Rýhy тілшісіне айтты
Айнұр Молдабаева қазір Каирдағы елшілік қызметкерлері марқұмның мүрдесін Шымкент қаласына жеткізу процедураларын жүргізіп жатқанын айтты. Тасымалдау шығындарын Қазақстан сыртқы істер министрлігі өз мойнына алатын болады. Жолдасовтың әйелі елде қосымша сараптама жүргізу үшін арнайы формалин бальзамын денеге тигізбей жөнелтуге тырысып жатқанын айтады.
«Денені құдай қаласа бір-екі күнде жіберіп қаламыз. Менің талабым бойынша, сосын Қазақстанның экспертиза жасау заңдарының негізгі талаптары бойынша денеге ешқандай формалин жақпай жіберу керек. Мен де осы талапты қойып отырмын. Осы талаппен біз елшілік тарапынан консул екеуміз келісіп, денені елге жіберуге тырысамыз»,- дейді Е. Жолдасовтың зайыбы.
Айнұр Молдабаева үшінші баласына жүкті. Сондықтан денсаулығына байланысты Қазақстанға әзірше келмейтінін айтады. Оның айтуынша, дипломаттың өліміне байланысты тергеу жариялы жүрмей отыр. Египет тарапы көптеген детальдарға және айғақтарға назар аудармайды. Еламанға қандай номерлерден телефон шалынғанын, үйдің кіре берісіндегі қан іздері мен бөтен адамдардың аяқ киім іздерін зерттеп жатқан жоқ көрінеді.
«Жасалған сараптамалар шикі деп ойлаймын. Бұл адам өлімінің неден болғанын анықтауға жеткіліксіз. Мен айтқан айғақтар да ескеріліп жатқан жоқ. Телефон қоңыраударын анықтайтын, ол жерде қандай әңгіме жазылғанын анықтайтын технологиялар қолданылса деп сұрадым. Менің күйеуім өлген соң, менен ақшаны қайтаруды сұрайды. Бірақ қолдарында оған дәлел болатын ешқандай құжаттары жоқ. Ал Қазақстанның Египеттегі елшілігі Еламанның өзіне өзі қол салғаны туралы мәліметтерді СІМ жолдап қойған, енді осы нұсқадан танбай отыр»,- дейді елішілік қызметкерінің жары.
Бүгін Үкімет қабырғасында Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Е.Жолдасовтың денесі елге Жаңа жылға дейін жеткізіледі деген болатын.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы