«Бір көйлек, бір тюрбанмен қаштым»: Ауғанстанның экс-президенті Ашраф Ғани алғаш рет үндеу жасады
Экс-президент отанына оралуға уәде берді және ірі көлемде қолма-қол ақша алып кеткенін жоққа шығарды
Ауғанстаннан қашқан президент Ашраф Ғани алғаш рет республика тұрғындарына үндеу жолдады. Бұған дейін ауған еліндегі Ресей елшілігі президенттің тікұшағы ақшаға толы күйде ұшты деп хабарлаған болатын.
«Егер мен Кабулда қалсам, онда мен қантөгістің куәсі болар едім», — деді ол халыққа үндеуін жазған бейне хабарламада (Al Jazeera дәйексөзі).
Айтуынша, Ашраф Ғани елді тастап қашуға мәжбүр болған. Ол өзінің мүлкінің көп бөлігін, атап айтқанда құнды кітаптар мен «құпия құжаттарды» тастап кеткенін айтты.
«Мені ақша алып кетті деп айыптайды. Бірақ мұның бәрі өтірік, мен елден бір көйлек, тюрбан және аяқ киіммен кетіп, бір сөмкеде бірнеше кітабымды алып шықтым», - деді ол.
Сонымен қатар, Ашраф Ғани еліне оралуға уәде берді. Ол отанына оралғанға дейін «басқалармен кеңесетінін», алайда олардың кім екенін көрсетпейтінін айтты.
Еске салайық, «Талибан» өкілдері (Қазақстанда тыйым салынған) республиканы толығымен басып алып, Кабулға жақындағанда Ашраф Ғани Ауғанстаннан қашып кетті.
Ресейдің Ауғанстандағы елшілігінің өкілі Никита Ищенко экс-президент мінген ұшақтың ақшаға толы болғанын мәлімдеген еді.
«Төрт көлік ақшамен толтырылды, ақшаның басқа бөлігін тікұшаққа тиеуге тырысты, бірақ ақшаның бір бөлігі ұшу алаңында қалды», — деген еді ол.
Президенттің қайда қашқаны бірнеше күн белгісіз болды. 18 тамызда БАӘ Сыртқы істер министрлігі Ғани мен оның отбасы Біріккен Араб Әмірліктеріне келгенін хабарлады. YJC дереккөздерінің айтуынша, президент ауруханаға жатқызылған.