Ауғанстанда дипломаттардан басқа Қазақстан азаматтары жоқ - СІМ

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді

Ауғанстанда дипломаттардан басқа Қазақстан азаматтары жоқ - СІМ
фото: bbc.com

ҚР Сыртқы істер министрлігі Ауғанстан Ислам Республикасында дипломаттардан басқа Қазақстан азаматтары жоқ деп мәлімдеді.

«Қазір Ауғанстан аумағында Қазақстан азаматтары жоқ. Біз білетін қазақстандықтардың барлығы осы елдің аумағынан кетіп қалған. Дипломаттар өз қызметін жалғастыруда, біз оларды эвакуациялауды жоспарламаймыз», - делінген СІМ хабарламасында.

Айта кетейік, «Талибан» содырлары Ауғанстан астанасы Кабулға шабуыл жасап, басып алды. Халықаралық ұйымдар дабыл қағып Ауғанстанда соңғы 72 сағатта ондаған бала қаза тапқанын жариялады.

Жексенбіде Ауғанстан президенті Ашраф Ғани қантөгісті болдырмау үшін елден кеткенін мәлімдеді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 тамызда Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткізді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Тwitter-дегі парақшасында жазды.

«Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Ахуал мұқият бақылауда», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.