Жалған вакцина құжатын жасағандарды қандай жаза күтеді? ІІМ заңбұзушыларды қалай анықтап жатқанын айтты

Аталған мәселе бойынша жыл басынан бері жүзге жуық қылмыстық іс тіркелген

Фото ашық дереккөзден

Қазақстан аумағында жалған вакцина паспортын сатқандар мен сатып алушылар күн санап өсуде. Тергеу бөлімшелерінде жыл басынан бері аталған мәселе бойынша 86 қылмыстық іс тіркелген, оның ішінде ПТР-тестілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу бойынша 47 қылмыстық іс және вакцина паспортын қолдан жасау фактісімен ағымдағы жылы 39 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жалғасуда.

Мемлекет басшысы бұған дейін үкіметтің кеңейтілген отырысында вакцина паспортын сатқандар мен сатып алушыларға қатаң жаза қолданылатынын айтқан болатын.

«Жалған вакцина паспорты қоғам үшін өте қауіпті. Оны жасап жатқандарды қатаң жазаға тарту керек. Бұл Әкімшілік кодекспен қаралады. Тез арада екпе салудың цифрлық картасы жасалу керек», - деді Президент.

Azattyq Ruhy тілшісі Ішкі істер министрлігінен заңбұзушыларды анықтау мен жазалау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқаны жайында сұрап білді. ІІМ баспасөз қызметі қазір жалған вакцина паспортын сатқандарды анықтау үшін арнайы топ құрылғанын айтады. Бүгінгі күні жалған вакцина жасаумен айналысатындардың мәселесі жіті назарда.

«ІІМ аса алаңдатарлық эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша короновирус инфекциясына байланысты барлық қылмыстық көріністерге ерекше көңіл бөледі. Жалған ПТР тестілері мен вакцинация паспорттарын қолдан жасау және пайдаланушыларды анықтау бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде, өйткені вакцинацияланбаған азаматтар коронавирустың таралуына жағдай жасай жасап, басқаларға жұқтыру қаупін жоғарылатады.

ІІМ Интернет желісінде, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде орналастырылатын жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландыруларды анықтайтын және пысықтайтын арнайы мониторингтік топтар құрды», - дейді ІІМ баспасөз хатшысы София Қылышбекова.

Бүгінгі күні вакцина алғаны жайында жалған құжат сату интернет желісінде қарқын алған. Олар өзара келісіп, төлемді де онлайн қабылдайды. Желіге жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша полиция осындай 62-ге жуық жарнаманы анықтаған. Сондай-ақ полицейлер жалған паспорт жасап беремін деп алдап кетіп жатқан алаяқтардың да көбейгенін айтады.

«Интернет желісінде жалған вакцина паспортын сату туралы жарнамалар көп кездеседі. Онда белгілі бір сомаға жалған паспорттар, оң немесе теріс тест нәтижелері бар талдау нысандары ұсынылады. Сонымен қатар, анықталған хабарландырулардан мамандар негізінен алдын ала төлем алуға бағытталған алаяқтық схемаларды жіті қадағалап отыр», - дейді баспасөз хатшысы.

Жалған құжат дайындағаны үшін ҚР Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Ішкі істер вице-министрі Арыстанғани Заппаров мәлімдеді.

«Жалған вакцинация паспортын жасағандар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ішкі істер органдары жалған ПТР-анықтамалар мен вакцинация паспорттарын сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Қазір полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда», - деді вице-министр.

Жақында Шымкент қаласында әлеуметтік желі арқылы вакциналау паспортын жасаған тағы бір топ анықталды. Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша барлығы 9 жайт тіркелген. Қала тұрғындары шет мемлекеттерге шығу, қалада еркін жүру мақсатында осындай қадамдарға барып жатқан көрінеді.  

Сонымен қатар, Алматы әуежайында да 2 қызметкер ұсталып, темір торға қамалған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде олар 200-дей жалған құжатты сатып, пайданы өзара бөлісіп үлгерген.

Еліміздің өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Ақтөбе, Ақмола және Батыс Қазақстанда дәрігерлер жалған құжат жасауды кәсіпке айналдырған. Аталған заңбұзушылықтар ірі қалалардан бөлек өңірлерде де анықталуда.

«Жалған паспорт жасау ісі Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар Ақмола, Алматы, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Түркістан, Павлодар облыстары және ШҚО, СҚО, БҚО анықталып жатыр. Қазір аталған аймақтар бойынша тергеу жұмыстары жүргізілуде. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң бұзушықыққа жол бермеуге және туыстары мен жақындарын осындай әрекеттерден қорғауға шақырады», - деді ІІМ өкілі София Қылышбекова.

Қазірге дейін 16 медицина қызметкері жалған құжат жасағаны үшін ұсталды. Олардың ісі сотта қаралады.

Еске салайық, мамыр айында Алматыда вакцинация паспортын сатты деген күдікке ілінген емхана қызметкерлері өз еркімен жұмысынан кетті. Емхана қызметкерлері құжатты 15 мың теңгеден сатып келген.

Сағыныш Ибрагим, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.