Тоқаевтың сөгісі: Бердібек Сапарбаев кеше тағайындаған адамын бүгін қызметінен босатты

Облыс әкіміне бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуге тапсырма берілген еді

Тоқаевтың сөгісі: Бердібек Сапарбаев кеше тағайындаған адамын бүгін қызметінен босатты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жариялаған сөгісінен кейін Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев күні кеше ғана облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тағайындалған Қайрат Досаевты қызметінен босатты. Бұл туралы Жамбыл облысының баспасөз қызметі хабарлады.

Өңір басшысы 30 шілде күні облыстық басқарма басшысы лауазымына қаланың экс-әкімі Қайрат Досаевты тағайындаған болатын. Алайда Мемлекет басшысы Бердібек Сапарбаевқа кадрлық қателігі үшін сөгіс жариялады.

«Қайрат Досаев 2019 жылдың 20 желтоқсанында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметіне тағайындалған болатын. Ал 2021 жылдың 30 шілдесінде Қайрат Досаев 2019 жылдың 20 желтоқсанынан бастап атқарып отырған Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметінен босатыла отырып, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болып тең дәрежелі лауазымына тағайындалды. 2021 жылдың 3 тамызында Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың қарашасында Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының басшысына Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.