$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.12.2019, 22:54
Саясат

Елордада еліміздің бас шыршасының шамы жағылды

Еліміздің бас шыршасының биіктігі – 25 метр

Елордада еліміздің бас шыршасының шамы жағылды

20 желтоқсан күні EXPO-2017 көрмесінің аумағында еліміздің бас жаңажылдық шыршасының шамын жағу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Биылғы жылы астананы «Қайырымды қала» атты ұранмен безендірудің бірыңғай тұжырымдамасы әзірленген. Еліміздің басты шыршасының жағылуы келе жатқан 2020 жыл – Еріктілер жылымен байланысты болып отыр.

Үшінші жыл қатарынан еліміздің бас шыршасы елорданың көрікті жерлерінің бірінің алдында жағылуда. Салтанатты рәсімге қаланың барлық мектептерінің оқушылары мен ата-аналары шақырылды. EXPO көрмесінің аумағында кішкентай көрермендер үшін аниматорлар мен әр алуан қуыршақтар өнер көрсетті.

Салтанатты жиында сөз алған елорда әкімі Алтай Көлгінов елордалықтарды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жылы тілегін білдірді.

«Биыл да бірқатар жетістікке қол жеткіздік. Қаламыз күн санап көркеюде. Балаларға арнап мектеп, балабақша, спорт нысандарын салдық. «Жастар жылында» жұмыс істейтін жас елордалықтар 1050 пәтерге ие болды. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар да баспанамен қамтылуда, жақын арада оларға тағы 600 пәтердің кілтін табыстаймыз. Лайым осындай игіліктер көбейе берсін», – деді Алтай Көлгінов. 

Бас шыршаның алдындағы аумақ жаңажылдық кіші архитектуралық нысандармен безендірілген, сондай-ақ аумақта мұз айдыны мен сырғанақ төбешіктер орнатылған. Шырша жағу рәсімінің соңы танымал әртістердің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Аталмыш шарада «Қайырымды қала» атты жаңа ән көрермен назарына ұсынылды.

Айта кетсек, еліміздің бас шыршасының биіктігі – 25 метр. Бас шыршамен бірге қаланың әртүрлі аудандарында орнатылған барлық жаңажылдық шыршаның шамы жағылды.

Серіктес жаңалықтары