Құркелесте заң бұзушылық болмады – бақылаушылар қоғам белсендісінің мәлімдемесіне жауап берді
Бақылаушылар мұны арандатушылық деп бағалап, прокуратураға арыз түсірді

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Құркелес ауылында дауыс беру кезінде заңсыздықтың болғаны туралы жергілікті тұрғын, қоғам белсендісі Амангелді Батырбеков өзінің Facebook-парақшасында жазған болатын. Алайда, осы сайлау учаскесіндегі бірнеше бақылаушы мұны жоққа шығарды.
«Құркелес ауылының әкімі сайланып жатқан Төлеген Айбергенов атындағы мектепте орналасқан номер 659 сайлау учаскесінде бір сайлаушы екі адамға дауыс беріп кетті», - делінген А.Батырбековтің жазбасында. Сөзіне дәлел ретінде ол осы жайттың видеосын да әлеуметтік желіге жүктеген.
Алайда, Партиялық емес бақылау орталығы Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы бойынша мобильді капитаны Нұрғали Отаров мұны арандату деп бағалады.
«Аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері зерделеу жүргізіп, нәтижесінде бақылаушылардың жұмысына кедергі жасаған Шайхов Даурен Ұлықпанович пен видеодағы екі рет дауыс берген азамат Нұрман Садуақасов та «Сарыағаш Әділет» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып табылатыны анықталды. Демек, сайлау барысынан ілік тауып, қоғам наразылығын тудыру үшін арандатушылық әрекетке барғандарыңыз айдан-анық көрініп тұр», - деді Н.Отаров.
Қазіргі таңда аталған әрекеттің заңдылығына баға беру үшін аудандық прокуратураға қажетті құжаттар толтырылып, жолданды.