Азаматтық позицияны білдірудің нақты көрінісі – Ерлан Саиров ауыл әкімдерін сайлау туралы

Бүгін алғаш рет аудандық деңгейдегі ауыл, кент, қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде

Азаматтық позицияны білдірудің нақты көрінісі – Ерлан Саиров ауыл әкімдерін сайлау туралы

Бүгін Қазақстанда ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтіп жатыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров елімізде болып жатқан науқан туралы пікірін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бұл – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының практикалық көрінісі! Елімізде бірте-бірте, эволюциялық жолмен қоғамдық-саяси өзгерістер болып жатыр! Республика бойынша сайлауға қатысу үшін 2582 адам кандидат ретінде ұсынылып, 2297 (88,9-пайыз ) тіркеуден өтті. Сайлауға елімізде тіркелген барша партиялар қатысуда! 878 (38,2- пайыз) үміткерді партиялар ұсынуда. Кандидаттардың басым көпшілігі – 1419 (61,8- пайыз) өзін-өзі ұсынушылар. Яғни, азаматтар бұл сайлауды өзінің азаматтық позициясын білдіруге нақты мүмкіндік екендігін түсінуде», - деп жазды саясаттанушы.

Ол сондай-ақ ауыл әкімдерін сайлау азаматтардың, қоғамның саяси мәдениетін арттырады деп санайды.

«Бұл реформалар мемлекет аппаратының аудан, ауыл деңгейіндегі жауапкершілікті жіктеуді жүйелеуі тиіс. Аталған қадам азаматтардың, қоғамның саяси мәдениетін арттыра отырып, елімізде саяси плюрализм принциптерін арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Nur-Otan партиясы бұл сайлаудың таза, адал өтуіне мүдделі! Батыс әлемінің қарышты дамуының басты триггерінің бірі жергілікті өзін-өзі басқару принциптері екендігі белгілі. Бұл сайлау Қазақстанда осы өзін-өзі басқару принциптерінің алғышарты болып табылады. Сонымен бірге, тәуелсіздік жылдары халық бірінші рет, жаппай, өздерінің әкімдерін тікелей сайлап алуға қолы жетіп отыр. Өте үлкен прогрессивті қадам! Біздің көз алдымызда тарихи оқиға орын алуда. Алға, Қазақстан!» - деп жазды Ерлан Саиров.

Еске салайық, бүгін Қазақстанда алғаш рет аудандық деңгейдегі ауыл, кент, қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтуде. Республиканың 14 облысының 176 ауданында 730 ауыл әкімі сайлануда, жылдың аяғына дейін 775 әкім сайланады деп күтілуде.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.