Уикипедияда жоқ әкім: Махамбет Досмұхамбетов туралы не білеміз?
Атырау облысының жаңа әкімі туралы ақпарат өте аз, тіпті ол туралы уикипедияда парақша ашылмаған
Кеше Атырау облысына жаңа әкім тағайындалды. «Махамбеттің еліне Махамбет барды деп жатыр» деген жазбаларды оқыдық. Есімі – Махамбет, туған жері – Атырау облысы. Аты да, заты да Атырау топырағына жат емес. Бірақ, саясаткер ретінде тынысы енді ашылып, көпке танымал тұлғалардың біріне айналмаса, ол кісі туралы ақпарат БАҚ беттерінде өте жұтаң. Кез келген әкім, немесе министр тағайындалғанда «Что известно о новом акиме....» деп бастайтын отандық БАҚ та үнсіз.
Жаңа әкімді Атырау активіне таныстырған Үкімет басшысы Асқар Мамин де әдеттегідей қысқаша тоқталып, Махамбет туралы ауыз толтырып ештеңе айтпады.
«Жаңа әкімнің алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша маңызды міндеттер қойылды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Атырау облысының дамуына ерекше көңіл бөліп отыр. Махамбет Жолдасқалиұлы өзіне артылған зор сенімді ақтайтынына сенемін», — деді А. Мамин.
Жаңа әкім туралы әлеуметтік желілерде де айтарлықтай ештеңе айтылмады. Тек Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова М. Досмұхамбетовке «сөздің емес, нақты істің адамы» деген баға беріп, алдағы ісіне сәттілік тіледі.
«Туған жерге Тарландай болып, елге қамқор Жан болғайсыз! Іскер, сөздің емес, нақты істің адамы екендігіңізді Мәжіліс қабырғасында жүргенде көріп, көңілім бір көтеріліп қалатын еді. Елдің жоғын түгендеп, рухын көтеріп, Атыраудың айбынын асқақтатқайсыз!!!», - деп жазды депутат леп белгісін аямастан.
Жаңа әкім Махамбет Досмұхамбетов өмір жолына қысқаша тоқталайық.
Махамбет Досмұхамбетов 1960 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысында дүниеге келген. 1983 жылы И.М. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-химия және газ өнеркәсібі институтын «Геология және мұнай -газ кен орындарын барлау» мамандығы бойынша бітірген, 2016 жылы - Қазақ мемлекеттік заң университеті, іскери әкімшілік ету магистрі болған.
Еңбек жолын 1983 жылы «Ембімұнай» бірлестігінің Балықшы барлау бұрғылау басқармасының геологы ретінде бастаған.
Түрлі жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да бас геолог, геология және геофизика бойынша бас директордың орынбасары, геология және өңдеу бойынша бас директордың орынбасары, бас директордың бірінші орынбасары - басқарма мүшесі болған.
Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы жылдары «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры (басқарма төрағасы), «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ геология бойынша басқарушы директоры - бас геолог, ірі жобалар бойынша басқарма төрағасының орынбасары және ірі операциялық емес активтер және теңіз жобалары бойынша бас вице-президенті лауазымдарын атқарған.
2016 жылдың қарашасынан бастап ҚР Энергетика бірінші вице-министрі қызметінде болды.
Әртүрлі мемлекеттік және халықаралық наградалары бар. Ашық дереккөздерде оның бірқатар мақалалар мен кітаптардың авторы және бірлескен авторы екені көрсетілген. Бірақ, нақты қандай мақала мен кітап жазғаны ашып айтылмаған.
2016 жылға дейін тек мұнай саласында істеген. Саяси қызметке 2016 жылы келген. Энергетика бірінші вице-министрі қызметінде 3 жылдан аса уақыт жүрсе де шулы мәлімдеме жасап, есім-сойы БАҚ беттерінде жиі аталмаған. Бұған дейін қала да, аудан да, тіпті ауыл да басқарып көрмеген.
Әлеуметтік желілерге тіркелмеген. Тіпті, ныспысын қазақша нұсқада «Махамбет Досмұхамбетов», орысша нұсқада «Махамбет Досмухамбетов» деп интернеттен іздеп көрдік. Алайда, жаңа әкім туралы уикипедияда да арнайы парақша ашылмаған болып шықты. Тоқаевтың президент ретінде әкімдерге берген алғашқы тапсырмасы – әлеуметтік желіге тіркеліп, халықпен жақын болу еді. Алайда, барлық әкім әлеуметтік желілерден аккаунт ашқанда, Ноғаев қана (Атырау облысының экс-әкімі) «Telegram қосымшасында чат-каналым бар деп» деп ерекшеленген.
Иманғали Тасмағамбетов, Бақтықожа Ізмұхамбетов, Аслан Мусин секілді Атырау облысын басқарған бұрынғы әкімдер сөзге шешен, халықты кейбір мәселелерде сөзіне ұйыта алатын басшылар болды. Атырау облысына әкім болу үшін тек мұнай саласын жетік білу аздық етеді, қазақы облысты басқаруға кәсіби біліктілікпен бірге сөзге де шебер болу керек. Алайда, жаңа әкімнің салтанатты ант беру рәсімін көрсеңіз, «айтар сөзін қағазға қарап оқитын қазақшаға шорқақ шенеунік» деген әсерде қаласыз.