Тоқаев – онлайн, Ноғаев – оффлайн
Бүгін біз әлеуметтік желіні иіріп ап кеткен «онлайн» әкімдерге тоқталамыз

Тоқаевтың президент ретінде әкімдерге берген алғашқы тапсырмасы – әлеуметтік желіге тіркеліп, халықпен жақын болу еді. Әлеуметтік желіде Президент тапсырмасына дейін де парақшасы болған бірен-саран «пысық» әкімдер болды, ал қалғаны Тоқаев ескерткенде ғана желіге тіркеле бастады. Бәрі бірдей тіркелді деп айта алмаймыз, Twitter, Instagram, Facebook желілерінен әзірге «алыс жүрген» әкім де бар. Желіде парақшасы жоқ «оффлайн» әкімдерді қоя тұрайық. Бүгін біз әлеуметтік желіні иіріп ап кеткен «онлайн» әкімдерге тоқталамыз. Кім қалай жүргізіп жүр? Бірі белсенді, ал бірі тапсырманы орындау үшін ғана аккаунт ашып алған. Арасында оқырмандарының саны 100 адамнан тұратын әкімдер де бар.
ОҚЫРМАНЫ КӨП САҒЫНТАЕВ
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жаңа қызметіне жайғасқан күні жұмысын Twitter, Instagram, Facebook желілеріне тіркелуден бастады. Сол үшін арнайы екі тілде видео түсіріп, оны сүйіншілеп жариялады. Айналдырған үш айдың ішінде оқырмандарының саны 155 мың адамға жетті (fb – 8 мың, ins – 145 мың, tw – 2 мың). Экс-премьердің оқырмандары тек алматылықтар десеңіз қателесесіз, олардың қатарында республикамыздың түкпір-түкпірінен жазылушылар бар. Мегаполис басшысы инстаграмда тек Тоқаевқа жазылған, ал твиттерде Тоқаевты, Ақорда мен Үкіметтің ресми парақшаларын ғана «оқиды» екен.
Барлық постарын екі тілде жариялайды, қатысқан шараларынан есеп беріп, әкімдіктің бастамасымен іске асатын ақжолтай хабарларды бірінші болып жариялайды. Мәселен, танымал әнші Мейрамбек Беспаевты кеңесші етіп алғанын, әл-Фараби мен Шығыс айналма жолындағы жылдамдықты сағатына 80 шақырымдық режимге қайта келтіру туралы көпшілікті алаңдатқан шешімдерін бірінші әлеуметтік желіге жазып, барлық отандық БАҚ сонда сілтеме жасады. Соңғы уақытта тек Instagram-ға ғана басымдық беріп, Twitter, Facebook оқырмандарын ұмытып кетті.
КӨП ЛАЙК ЖИНАЙТЫН КӨЛГІНОВ
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Twitter-ге 2017 жылдың соңында тіркелген. Ол кезде БҚО әкімі оқыған кітаптарын, қатысқан шараларын, әкімшілік атқарып жатқан жұмыстарды көрсетіп, Батыс өңіріне қатысты қызықты ақпараттарды жариялап отыратын. Тоқаев «аккаунт ашыңдар» деп тапсырма бергенде Twitter-де парақшасы болған санаулы әкімнің бірі де осы Көлгінов болатын. Содан 1 сәуір күні Тоқаев Instagram-ға тіркелді, ал 3 сәуір күні сол желіде @altay_kulginov_official деген сол кездегі БҚО әкімінің ресми аккаунты пайда болды. Ал, Facebook-тегі жеке аккаунтын Нұр-Сұлтанға әкім болғанда ашты.
Барлық желідегі оқырмандарының саны 80 мыңға жуық (fb – 5 мың, ins – 71 мың, tw – 1,5 мың). Алайда, олардың бәрі елордалықтар деп айта алмаймыз, оқырмандарының арасында батыс қазақстандықтар да бар.
Көлгінов жариялаған постар көп лайк жинайды, оқырмандар белсенді пікір жазып, көп бөліседі. Қатысқан шараларынан міндетті түрде пост жариялайды, жетістікке жеткен (Головкин, Елеусінов секілді) спортшыларға қолдау білдіріп отырады. Оқырмандарын әрбір мереке сайын құттықтап отыруды ұмытпайды. Кабинеттегі, үстел басындағы жиындардан емес, қаланы аралап жүрген фотоларын жиі салады. Постарында галстукпен емес, галстуксыз жүрген сәттері көп. Ағылшын тілін білсе де, көбіне қазақша, орысша жазады. Twitter мен Instagram желілерінде Тоқаевтан бастап әлемдік деңгейдегі саясаткерлердің, Головкин секілді елімізден шыққан спортшылардың парақшасына жазылған. Тек оқып қана қоймай, лайк басуды да ұмытпайды.
OFFICIAL DANIAL
Президент тапсырмасын екі етпей, Twitter, Instagram, Facebook желілеріне қатар тіркелген әкімдердің бірі – ШҚО басшысы Даниал Ахметов. Парақшаларын жүргізу стилі тым ресми, қатысқан шараларынан екі тілде пост жариялайды. Кейде тұрғындардың үйін аларап, өткізген жиындарынан да пост жариялайтын кездері бар. Оқырмандарының саны алдыңғы екі мегаполис басшыларыныкы сияқты көп емес, бас-аяғы 25 мың оқырманы бар (fb – 6 мың, ins – 19 мың, tw – 30). Дегенмен, бұл көрсеткіш басқа өңір басшыларымен салыстырғанда анағұрлым жоғары.
Instagram-да тек Мемлекет басшысы Тоқаевтың парақшасына жазылған, ал Twitter желісінде ҚР Президенті Тоқаевты, ҰҚК төрағасы Мәсімовті, Ақорда парақшасын және Президенттің кеңесшісі Ерлан Қаринді оқиды екен.
БАТАЛОВ БЛОГЕРЛЕРДІ ОҚИДЫ
Алматы облысының әкімі Амандық Баталов әзірге Instagram, Facebook желілеріне 14 сәуірде тіркеліпті. Аз жариялайды, бірақ постары тартымды, қызықты. Риясыз күліп түскен, көптің ортасындағы, волейбол ойнап жатқан фотоларын жариялайды. Елде болып жатқан жағдайларға дер кезінде үн қосып отырады. Арыстағы оқиғаға байланысты «Арыс, біргеміз!» деген бір ауыз сөзімен 500 лайк жинаған. Тұлғалармен, қарапайым тұрғындармен, талантты балалармен кездесіп отырады. Абай өлеңдерінен үзінді оқыған видеосын да көпшілік жылы қабылдады. Оқырмандарының саны көп емес, соған қарамастан әкімнің постарын бөлісетіндер, пікір жазатындар, лайк басушылар аз емес.
Жоғарыда айтып өткендей, облыс басшысының оқырмандары соншалықты көп емес, әкімді оқитындардың қатары 13 мыңға жуық (fb – 3,5 мың, ins – 9 мың). Instagram-да президенттен бастап әріптес әкімдерді, сондай-ақ, спортшы, журналист, бірқатар блогерлерді оқиды екен.
ЕРЕКШЕ ШӨКЕЕВ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев басқа әріптестері сияқты барлық жерден аккаунт ашпаған. Шөкеевті Facebook желісінен #shokeevke_suraq деген хэштегпен немесе Түркістан облысы әкімінің қоғамдық қабылдауы деген атаумен тауып аласыз. Бұл Қазақстандағы «ең кенже облыс» басшысының жеке блогы. Постары барлық әкімдер сияқты екі тілде: қазақ тілінде бөлек, орыс тілінде бөлек. Оқырмандарына есеп беріп, Арыс жағдайына байланысты жиі-жиі постар жариялады. 3 мыңға жуық оқырманы бар, күнара пост салып отырады. Кейбір жазбаларына көп лайк басылады, көп пікір жазылады. Репост жасайтындар (бөлісушілер) аз емес. Облыс тұрғындары толғандырған мәселелері мен сұрақтарын әкімге #shokeevke_suraq деген хэштегпен жазады.
АЙТАХАНОВ ҮНЕМІ ЖИЫН ҮСТІНДЕ
Еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановтың Facebook-те бұрыннан жеке аккаунты бар. Ал, Instagram-ға жаңа қызметке келгеннен кейін тіркелді. Отырар ауданының әкімі қызметін атқарып жүргенде оқырманы соншалықты көп емес еді. Шымқалаға басшы болып келгелі БАҚ-та есімі жиі аталып, оқырмандары да көбейе бастады. Twitter-де тіркелмеген, қалған желілерде 18 мыңға жуық оқырманы бар (fb – 11 мың, ins – 7 мың).
Аудан әкімі кезінде «Арлы, ақылды адам қиянат, зорлық жасамайды...», «Мені ит қапса, одан өш алу үшін мен де қапсам, аузымда не қасиет қалады» деген сияқты Шәкәрім, Әуезов сияқты ақын-жазушылардың сөздерін жиі жариялайтын. Бүгінде жұмысы қауырт көбейді ме, әлде кітап оқуға уақыты жоқ па, ондай «қанатты сөздер» жазуды тоқтатты. Instagram-да 11 пост жариялаған, соның 8-де жиын үстінде галстукпен. Постарын көбіне тек қазақша жариялайды, осыған байланысты кейбір қала тұрғындары шағымданып, «Неге орыс тілінде жазбайсыз» деген пікірлер қалдырып жатады. Facebook парақшасынан өз жазбаларын табу қиын, бірақ әкімді белгілеп жазған постарды жиі кездестіресіз.
МЫРЗАХМЕТОВ ҚЫСҚА ҚАЙЫРАДЫ
10 сәуір күні Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Facebook-ке тіркелді. Алғашқыда қарқыны қатты еді, соңғы айларда жазбалары да азая бастады. Бес айдың ішінде небәрі 29 пост жариялапты. Қысқа қайырады, көбіне қазақша жазады. Өз фотоларын мүлде салмайды, постары тек мәтін түрінде. 7,5 мың оқырманы бар, бірақ жазбалары 1 мыңға жуық лайк жинайды. Пікір көп жазылады, кейбір пікірлерге өзі де жауап береді. Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын жалғаған видеосын 226 адам бөлісіп, жылы пікірлер жаудырған. Қысқаша осылай.
МАРЖЫҚПАЕВ ВИДЕОҒА ҚҰМАР
Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Facebook пен Instagram-ға жыл басында тіркелген екен. Тіпті Facebook-те жеке аккаунты мен парақшасы қатар жұмыс істейді. Өте белсенді, әсіресе Instagram-да. Салатын постарының дені видео форматта. Жыл басынан бері 342 пост жариялаған, соның 70 пайызы видео. Оқырмандарының саны шамамен 20 мыңның үстінде (fb – 2 мың, ins – 18,1 мың). Instagram желісінде 200-ден астам парақшаға жазылған. Олардың арасында Президент, танымал спортшылар, әртүрлі қызықты пабликтер, Димаш Құдайбергенов, облыстық басқармалардың ресми парақшалары бар.
ҚАРАМАҒЫНДАҒЫЛАРҒА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ТАПСЫРМА БЕРЕТІН АҚСАҚАЛОВ
Тоқаевтың тапсырмасынан кейін көп өтпей Facebook-те жеке аккаунтын ашқан - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов. Ал, Instagram-ға 6 мамыр күні тіркелген. Жалпы саны 9 мыңнан астам оқырманы бар (fb – 2,1 мың, ins – 7 мың).
Ақсақалов жиі жазбайды, бірақ оқырман пікірлеріне жауап беріп отырады. Мәселен, облыс орталығына байланысты мәселе бойынша пікірге сол кездегі Петропавловск қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотовты белгілеп, мән-жағдайды анықтауды тапсырған. Көшелердің атауы бойынша жазылған пікірдің астына Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановты белгілеп тапсырма берген. Мағжан Жұмабаев ауданына қатысты мәселеге «Сіздің сауалыңызға аудан әкімі Қайрат Омаров жауап береді» деп белгілеп өткен. Осындай мысалдар өте көп.
ЖҮЗ ҒАНА ОҚЫРМАНЫ БАР ЫСҚАҚОВ
Барлық әкімдер халық ең көп шоғырланған Facebook пен Instagram-ға тіркеліп жатқанда, Қызылорда облысына жаңадан тағайындалған Қуанышбек Ысқақов «Cіздермен конструктивті диалогқа дайынмын» деп Twitter-ді таңдады. Бір өкініштісі, Ысқақовтың оқырмандарының саны 120 адам ғана және әзірге онымен «конструктивті диалог» жасайтын адам болмай отыр. 120 адам дегеніміз әкімшілікте істейтін мемқызметкерлер болуы да әбден мүмкін. Жалпы, қызылордалық шенеуніктер мен облыс тұрғындары бір-бірін әлі күнге дейін «таппай жүр». Халықтың дені Facebook пен Instagram-да, ал облыс басшысы Қ.Ысқақов пен қала әкімі Н.Нәлібаев Twitter-де «диалог» іздеп жүр. Екі айдың ішінде 21 твит жариялапты, жазбалары тек қазақ тілінде екен. Twitter-де тек екі адамды оқиды, олар - Президент Тоқаев пен Елбасының баспасөз хатшысы А.Үкібай.
ҚОШАНОВ - ТУИТ ӘКІМ
Президент Тоқаев Instagram-да парақшасын ашқанда «Халық көп шоғырланған желіде де болуды жөн деп таптым» деп түсіндірген ед. Қазақстанда Twitter желісін пайдаланатындар өте аз, дұрысы «сәннен қалған» желі десе болады. Бірақ, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов 28 наурызда «Жеке аккаунт ашу туралы шешім қабылдадым. Мұнда облыс жаңалықтары мен жұмысымыз туралы жазамын. Сондай-ақ тұрғындардан да кері байланыс күтемін. Әр мәселені жеке қарастыратын боламын» деп Twitter-ге тіркелді. Оқырмандарының саны 5 айда 500-ге де жетпепті. Ауылдарды, аудандарды аралағанын, қатысқан шараларынан «туит» салып отырады. Лайктаушылар да, ретвит жасаушылар да өте аз.
БАҚАУОВ DIRECT ХАТТАРДЫ ДА ЕСКЕРЕДІ
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Instagram желісіне 12 ақпанда тіркелген екен. Яғни, Тоқаевты «айтқызбай ақ» әлеуметтік желіге келген санаулы әкімдердің бірі. Оқырмандарының саны 34 мыңнан асып жығылыпты. Парақшасын еркін жүргізеді. Тағайындаған адамдарын таныстырады, аудан аралайды. Абай өлеңдерінен үзінді оқыған видеосы мен марафонға қатысқан фотоларын жариялап отырады. Жастардың, аналардың ортасында жүрген фотолары да көп. Фотоға күлімдеп түседі. Direct-ке түскен хаттар мен жазылған пікірлердің арасындағы ең маңызды деген мәселелерге арнайы тоқталып отырады. Кейбір постарына 100-ден астам пікір жазылса, кейбіріне 600-ге жуық пікір жазылады.
ОРАЗАЛИННІҢ АККАУНТЫ «ҚОҚЫСҚА» АЙНАЛҒАН
Ақпанның аяғында Ақтөбе облысының әкімі болып Оңдасын Оразалин тағайындалды. Әкім Facebook-тегі жеке аккаунтын 21 наурызда ашты. Ашылды деген аты ғана болмаса, әкімнің аккаунты белсенді жұмыс істемейді. Есепте бар да, істе жоқ. Парақшасынан әкімнің өзі жазған постарын табу қиын. Әкім аккаунты әркім кеп белгілеп кете беретін «жайдақ суға» айналған. Мыңдаған жазбалардың арасынан Оңдасын Оразалиннің бас-аяғы 8 ғана постын таптық. Оқырмандарының саны 1,3 мың ғана, жазбаларын лайктаушылар мен талқылаушылар да өте аз. Әкім басқа желілерде тіркелмеген екен.
БЕС МЫҢ «ДОСЫ» БАР ИСҚАЛИЕВ
БҚО әкімі Ғали Исқалиев Facebook-тегі жеке аккаунтын 2012 жылы ашқан екен, ал Twitter-ге биыл мамыр айында тіркелді. Facebook-те бұрыннан постар жариялап жүрген, алайда БҚО әкімі болып тағайындалғаннан кейін ғана оқырманы артып, постары да салмақтана бастаған. Әрбір желінің ерекшеліктерін ескеріп, Twitter-де ресми дүниелер, ал Facebook-те қоғамның талқысына түсетін жазбаларын жариялайды. Facebook-те тура 5 мың оқырманы бар.
ТРҰМОВ – «ЕКІНШІ ОРАЗАЛИН»
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов тек Facebook-те тіркелген екен. Трұмовтың да парақшасы Ақтөбе әкімі Оңдасын Оразалиндікіндей «атқораға» айналып кеткен. Әкімнің өз жазбасын табу мүмкін емес. Трұмов пен Оразалин дәл осы мәселе бойынша СҚО әкімі Ақсақаловтан сабақ алса болады. Құмар Ақсақалов жеке аккаунтында өзгелер белгілеген жазбалардың жариялануына жол бермейді, жеке парақшасында тек өзінің постары ғана. 5 мың оқырманы бар, «достарынан» басқа да адамдардың парақшаға жазба қалдыру мүмкіндігін қоспаған.
АРХИМЕД ТЕК ИНСТАГРАМДА «ОТЫРАДЫ»
Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Павлодар басшысы Бақауов секілді тек Instagram-ға ғана тіркелген екен. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Саят Жүсіпов алдағы уақытта Facebook-те де парақша ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Мұхамбетов Instagram-ға 2 маусым күні тіркеліпті. 95 күн ішінде 93 пост жариялапты, яғни күн сайын желіде оқырмандарымен қауышып отырады. Бастапқы постары тым ресми реңкте болса, уақыт өте келе еркін, галстуксыз фотоларын жариялай бастаған. Бірде құрылыс алаңында, бірде футбол алаңында жүреді. Оқырмандарының саны 15 мыңға жуық.
НОҒАЕВ ӘЗІРГЕ «ОФФЛАЙН»
Тоқаев әкімдерге «онлайн» болыңдар деді, бірақ әлі күнге дейін «оффлайн» болып отырған жалғыз әкім бар. Ол – Атырау облысының басшысы Нұрлан Ноғаев. Барлық желілерді ақтарып-төңкеріп шықтық, бірақ Ноғаевтың «сайда саны, құмда ізі жоқ». Осы сұраққа жауап іздеп Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Серікжан Ерментаевқа хабарластық. С.Ерментаевтың бізге берген жауабында 2017 жылдан бастап Атырау облысы әкімінің Telegram қосымшасында чат-каналы бар екені айтылды. Әкім каналына бұл күнде 11 мың адам тіркелген. «Барлық сұраққа әкім өзі жауап береді. Ал, фейсбук, инстаграм, твиттер сияқты әлеуметтік желілердегі оқырман сауалдарына баспасөз қызметі жауап беріп отырады» деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы.
Telegram – негізінен мессенджер ретінде қабылданады, бірақ соңғы уақытта функциялары әлеуметтік желілерге ұқсап келеді. Әкімнің баспасөз хатшысы әзірге әлеуметтік желілерден парақша ашу жоспарда жоқ екенін айтты.
БЛОГЕРЛЕРДЕН ӘКІМДЕРГЕ КЕҢЕС
«Қарапайым қолданушылар сияқты жеке өмірінен фотолар жариялап тұрса...»
Белгілі блогер Аршат Ораздың әлеуметтік желілердегі белсенді әкімдерге айтар бірнеше ескертуі мен ақыл-кеңесі бар екен.
«Бір постты барлық желіде қайталап сала беру дұрыс емес, әр желінің өз ерекшелігі бар. Мәселен, туиттерде ресми кездесулерді шығарған, инстаграмда оқиға орнынан бірнеше фото, видео салған, ал фейсбукте қоғам талқысына түсетін жазбаларымен бөліскен дұрыс», - дейді блогер.
Сондай-ақ, блогер қандай постар салу керектігін де айтты.
«Өзі жайлы жаңалықтарды өз парақшасында бөлісу де оқырман тарапынан қабылдана бермейді. Жарнама сияқты. Одан да сол жаңалықта «көрінбей» қалған детальдар туралы жазған өтімдірек. Оқырман неғұрлым қарапайым, шынайы жазылған жазбаларға құмартады. Қарапайым қолданушылар сияқты жеке өмірінен де фотолар жариялап тұрса. Мәселен, табиғат, спорт, отбасы жайлы. Оқырмандарын мерекелер кезінде құттықтаған жақсы, бірақ «шаблон» фотолармен емес, ерекше стильдегі суреттерді қолданғаны дұрыс. Қоғамдағы өзекті тақырыптарға жеке ойын, пікірін білдіргені аудиториясы үшін өте маңызды» , - дейді Аршат Ораз.
Әкімдер жеке аккаунт емес, парақша ашқаны дұрыс деп есептейді.
«Фейсбукте жеке аккаунт емес, жеке тұлға парақшасы ретінде ашылғаны дұрыс. Солай салмақты көрінеді. Фотоға да күліп түсу керек, көк тудың фонында түскен ресми фотолар оқырман үшін тартымды емес», - деп блогер әкімдерге кеңесін айтты.
«Халықпен диалог жоқ»
«Сиқырлы SMM» атты кітап авторларының бірі, блогер Нұрлан Жанай әкімдердің әлеуметтік желіге тіркелуі құр науқанға айналғанын айтады. Блогер Н.Жанай желіде белсенді бірнеше әкімнің парақшаларына шолу жасап, ескертуін жасады.
«Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың парақшасы үш әлеуметтік желіде қатар жүргізіледі. Мемлекеттік тіл алғашқы орында, орыс тілі кейін жазылған. Инстаграмы қызықты, фейсбугы да ақпаратқа толы. Ал туиттері бір сарынды, көбіне кездесулер туралы. Жалпы жаман емес. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың фейсбук, инстаграм парақшаларындағы контентті не үшін «құрметті», «қымбатты» деп бастайтыны қызық. Туиттері ғана әдемі, жүйелі жүргізіледі, бірақ оқырман саны мен олардың реакциясы өте аз. Нұр-Сұлтан әкімінде де сол контент, сол формат, ерекше ештеңе байқамадым» , - дейді блогер.
Ал, оқырманға тартымды контентті қалай жасау керегін SMM маманы түсіндіріп өтті.
«Контентті форматына, көлеміне, мазмұнына, мақсатына қарай түрлендіру керек. Мысалы, фейсбуктағы кейбір жазбаларға фото қажет болмауы мүмкін. Әсіресе, өзінің фотосы. Оның орнына бір жоба туралы жазба болса, соның логотипін, инфографикасын шығарса, өтімдірек болады. Халыққа жақын екенін көрсету үшін мына digital ғасырда фоторептің өзі жеткіліксіз. Видео арқылы әкімнің эмоциясын, харизмасын, халыққа жақындағын көрсетуге болады. Айтпақшы, барлық белсенді әкім парақшаларында видео контент өте аз.
Фейсбукта достық жіберетін жай аккаунт ашу өрескел қате. Оның орнына әкімнің ресми парақшасы болғаны жөн. Өйткені, аккаунтта достық лимит деген бар, оған қоса жекеге сансыз сауалдар мен өтініштер келе береді. Оның бәрі елеусіз қалса, әкімге сөз, имиджіне нұқсан келеді. Ал ресми парақшада ондай мәселелер туындамайды. Жазбаларында «өйттім, бүйттім» сарынды есептік форматтан арылып, халықпен шынайы диалог құру керек. Оқырманның ойын білетін жазбалар көбірек болса, өзінің ғана емес, жанындағы командасының жұмыстарын да көрсетіп отырса, жұртқа қызық болады», - деп түсіндіреді маман.
Жандос БАЙДІЛДА, Нұр-Сұлтан