ШұғылҚазақстанда тағы 716 адамнан коронавирус анықталды

«Команданы» ауыстырмаймын - министр Нұрлан Ноғаев

Бүгін Нұрлан Ноғаев Энергетика министрі ретінде алғаш рет жұмысқа шықты

Үкімет отырысынан кейін ол журналистердің сұрақтарына жауап берді. Айтуынша, әлі министрліктер үйіндегі кабинетіне барып үлгермеген.  Ноғаев бұрынғы «команданы» ауыстырмайтынын да айтты.

«Қазір энергетика министрлігі Қанат Бозымбаев мырзаның , басшылықтың қойған, Елбасының қойған, Үкімет басшысының қойған тапсырмаларын орындап келе жатыр. Сондықтан бүгін келіп алып, бәрін ауыстырам деп айтпаймын. Азаматтар өз орындарында жұмыс істеп жатыр. Біліктілігіне, біліміне сай сол жерге тағайындалды»,- деді ол бұған қатысты.

Экс- әкім Атырау облысында атқарған жұмысына  да тоқталды.

«Ешқандай сұрақ болмайтындай бәрін бітірдім деп айтуға болмайды. Өмірдің өзі сұрақтар және сол мәселелерді шешуден тұрады. Оған жүйелілік керек. Атырау облысында мен халықтың талаптарын басшылықтың, Елбасының тапсырмадарын жүзеге асырдым»,-  деп жауап берді.

БАҚ өкілдері энергетика министріне бензин бағасына қатысты да сауал қойып үлгерді. 

«Менің жұмысқа кіріскенім жаңа ғана. Бұл сұраққа уақыт өткеннен кейін жауап берем. Бағаның қымбаттауымен күресем деген термин қате. Халықтың пікірімен санасып, басшылықпен келісіп, қажетті шараларды қабылдаймын деген дұрыс»,- деген пікір білдірді Ноғаев.

Еске салайық, кеше мемлекет басшысы Нұрлан Ноғаевты Атырау облысының әкімі қызметінен босатып, Энергетика министрі етіп тағайындаған. Ал бұрынғы министр Қанат Бозымбаев Президенттің көмекшісі болды.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан