$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.07.2021, 10:00
Саясат

АҚШ Қазақстаннан мыңдаған ауған азаматын уақытша қабылдауды сұрады

Америкалық билік Ауғанстанның 9 мың азаматын Орта Азия елдеріне қоныстандырмақшы

АҚШ Қазақстаннан мыңдаған ауған азаматын уақытша қабылдауды сұрады
Көрнекі фото

Байден әкімшілігі Орталық Азияның үш елі – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан НАТО күштерінің Ауғанстандағы миссиясы күзде аяқталғанға шейін альянсқа жәрдемдескен 9 мыңға жуық ауған азаматын уақытша қабылдауын сұрады деп хабарлайды Bloomberg.

Аталмыш қадам АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен Ауғанстанға қатысты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы ауқымды келісімнің бөлігі. Айта кетерлігі, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Өзбекстан мен Тәжікстанның Сыртқы істер министрлері Абдулазиз Каримов пен Сироджиддин Мухриддинді бейсенбі күні Вашингтонда қабылдаған болатын. Блинкен өзінің өзбек әріптесіне «Өзбекстанның Ауғанстандағы жағдайды реттеуге бағытталған үздіксіз жұмысы» үшін алғыс білдірді.

Сонымен қатар, ресми кездесулер барысында өзбек және тәжік территорияларынан АҚШ-қа барлау және бақылау операцияларын жүргізуге рұқсат беру мәселелері де көтерілді дейді басылым. Сарапшылардың айтуынша, бұл келісім екі мемлекет үшін де тиімді болуы мүмкін, себебі радикалды «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысының содырлары аймаққа қарай жылжып, қазіргі кезде Тәжікстан шекарасына жақындап қалған.

«Визаға өтініш бергендердің барлығы бұл жаңалықты қуанышпен қабылдады және оларға тез арада виза беріледі деп үміттенеміз, себебі қазір жағдай ушығып барады. Бұл елдер (Өзбекстан мен Тәжікстан – авт.) Ауғанстанға қарағанда әлдеқайда қауіпсіз», - дейді Блумбергке сұхбат берген ауған азаматы.

Бұған дейін АҚШ өзінің әскерін Ауғанстандағы Баграм әуе айлағынан әкетіп, нысанды жергілікті ауған қарулы күштеріне тапсырған болатын. Ал ауған саясаткерлері шетелдік әскерилер миссиясын аяқтап, ел аумағынан кеткеннен соң азаматтық соғыс басталуы немесе биліктің құлау қаупі бар деп болжамын айтқан.

Байден әкімшілігінің ауған тарапына америкалық әскерлермен етене жұмыс істеген жергілікті ауған азаматтарына көші-қон виза беретінін мәлімдеген. Бұл виза америкалық тарапқа шиеленіс барысында жәрдем көрсеткен жергілікті азаматтарға босқын мәртебесін алуға мүмкіндік береді. 

Еске салайық, сәуір айында Джо Байден америкалық әскери күштердің барлығын 11 қыркүйектен қалдырмай шығаратынын айтқан болатын. Одан бөлек, Байден Америка Құрама Штаттарының Ауғанстанда миссиясын орындап жатқан әскерилердің барлық міндетті орындағанын айтқан.

Серіктес жаңалықтары